Мәжілісте биржалық сауданы дамыту мәселесі талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжілісте биржалық сауданы дамыту мәселесі талқыланды

24.11.2021

Еліміздегі тауар биржалары екі деңгейлі жүйеге көшеді. Бұл қадам биржалық сауданы жетілдіруге және дамытуға серпін береді. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында осы салада қандай өзгерістер болатыны талқыланды. Толығырақ Парламенттен тікелей эфирге қосылған тілшіміз тарқатады.

Берік Көшербай, тілші:
Бүгінде елімізде 19 тауар биржасы тіркелген. 2009 жылдан бері биржалық келісімдер саны 50 есеге өсіпті. Дегенмен, осы саланы одан әрі дамытып, заңнамасын халықаралық стандарттарға сай етіп жасау қажеттілігі туындады. Сондықтан Сауда және интеграция министрлігі бірінші кезекте тауар биржаларының екі деңгейлі жүйесін енгізіп, жарғылық капиталын ұлғайтуды ұсынып отыр.
Сондай-ақ биржалық сауданың Бірыңғай қағидаларын бекіту көзделген. Министрлік әзірлеген Заң жобасында биржадағы келісімдерді сақтандыру мәселесі де қарастырылған. Бұл өзгерістер биржалық сауданың тұрақты нарығын қалыптастыруға, адал бәсекелестікті арттыруға және биржалық келісімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Биржалық сауда көлемі 5,6 трлн теңгеге дейін ұлғаймақ. Мәжіліс депутаттары заң жобасын қарап, бірінші оқылымда мақұлдады.


Хабарламаларға жазылу