Еліміздегі колледж және балабақша директорлары ротацияланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі колледж және балабақша директорлары ротацияланады

24.11.2021

Білім беру жүйесінде қызмет ететін мектеп, колледж және балабақша директорлары ротацияланады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі әлеуметтік желіде жазды. Білім беру саласында он мыңдай мемлекеттік ұйым бар. Министр тәжірибелі, білікті басшылардың бар екенін жоққа шығармайды. Әйтсе де 10-15 жыл бойы бір орында отырып, өздерінің бастамашылдығы мен дамуға деген ынтасын жоғалтатын мектеп директорлары да бар. Егер басшы бір орында ұзақ отырса,  бұл мотивацияның төмендеуіне, жұмыс барысында жаңа тәсілдердің болмауына әкелуі мүмкін. Басшылықтың ауысуы өзгерістерді енгізуге және жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді дейді министр. Ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ротациялау туралы мәселені қарайтын комиссия жұмыс істейді.

Ротациялау тәртібіне сәйкес, бір білім беру ұйымында 4 немесе 7 жылдан астам жұмыс істеген басшылар ауысады. Егер басшы онда 7 жылдан астам жұмыс істесе, міндетті түрде басқа орынға ауысуға тиіс. Ротациялауды облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармалары жүзеге асырады. Ротациялау кезінде бірінші басшылардың біліктілік санаты, оған төленетін қосымша ақы да мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.  

Хабарламаларға жазылу