Арқалық қаласында тері өңдеу зауытының ашылуы өңірдегі өңдеу саласына жан бітірді. Қазірдің өзінде шағын шаһарда осы зауытқа шикізат дайындайтын тері қабылдау орны мен тігін цехы жұмыс істей бастады. Алдағы уақытта олардың қатарын көбейту жоспарда бар. Осылайша бұған дейін ешкімге қажет болмай қоқысқа тасталатын тері кәдеге жарап, мал иелері мен оны өңдеуді кәсіп еткендердің табыс көзіне айналды.
Ұзақ жылдар қаңырап тұрған тері зауытының жұмыс істей бастағанына бір жылға жуықтады. Қазір мұнда 42 адам еңбек етеді. Қуаты айына 48 мың шаршы метр теріні өңдеуге жетеді. Әзір іс жүзінде 27 мың шаршы метр тері өңделеді. Кәсіпорын толық қуатымен жұмыс істеуге көшу үшін 200 млн теңге жеңілдетілген несие алуға тапсырыс беріп қойған. Себебі өнімге сұраныс бар.
Ержан Салихов, тері өңдеу зауытының директоры:Теріні Ресей, Украина, Өзбекстанға жібереміз. Қазақстанның ішінде өте көп емес. 13-ақ пайыз.
Ал шикізат зауытқа облыс аумағындағы ет комбинаттары мен жеке тұрғындардан жиналады. Осы жұмысты бірізге түсіру үшін кәсіпорын жанынан жазда тері қабылдау орны ашылды. Бұл жұмысты мемлекеттен 5 млн теңге грант ұтқан Қайрат Бекетаев қолға алды. Шағын кәсіпорында кәсіпкердің өзінен басқа тағы екі адам еңбек етеді. Бір айда бес тоннаға дейін тері қабылдап, оны сұрыптап зауытқа өткізеді.
Қайрат Бекетаев, кәсіпкер:Жазда көп жұрт білген жоқ. Қазір күз түскелі көбісі естіп, ауылдардан, аудандардан көп әкеліп жатыр. Бәрі айтады «Ашылғаны дұрыс болды, әйтпесе теріні лақтырып тастаушы едік» деп.
Алдағы уақытта облыстың барлық аудандарына осындай тері қабылдау пункттерін ашу жоспарда бар. Мұның сыртында қала әкімдігі, тері зауыты және жеке тұлғалардың үшжақты келісімімен шағын тігін цехы ашылды. Келісім нәтижесінде жобаға қатысушы әр адамға 583 мың теңге қайтарымсыз қаржы берілген. Бұл ақшаға олар екі тігін машинасы мен жұмысқа қажетті басқа да құрал-жабдықтарын сатып алды.
Айгүл Сүйінова, тігінші:Бұл жерде біз 8 кәсіпкерміз. Қазір 5 адам отырған. Әрқайсымыздың көмекшілеріміз бар. Тері зауытынан дайын өнім келеді. Содан қолғап, белдемше тігеміз.
Бұл белдемшелер мен қолғаптар ыстыққа төзімді. Металл балқытушылар мен дәнекерлеушілерге арналған. Цехты шикізатпен қамтушы да тапсырыс беруші де тері зауыты. Яғни тігіншілер өнімдерін өткізуге бас ауыртпайды. Келешекте мұнда әскери аяқ киімдер мен спорт бұйымдарын дайындау да жоспарда бар.
Дәуренбек Әбдібек