Күн райы күрт бұзылған өңірлерде құтқарушылар мен патрульдік полиция күшейтілген режимде жұмыс істеуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Күн райы күрт бұзылған өңірлерде құтқарушылар мен патрульдік полиция күшейтілген режимде жұмыс істеуде

23.11.2021

Қыс қаһарына міне бастады. Еліміздің шығысында қатты боран соғып, жолдар жабылып жатыр. Қар құрсауында қалғандар бар. Қарағандыда қар аралас жаңбыр жауып, жер көктайғаққа айналды. Құтқарушылар күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Өңірлердегі ахуалды Ержан Жақып баяндайды.

Шығыс Қазақстандағы Ұлан ауданындағы құтқарушылар екі ауылдың ортасында батып қалған көлікті қар құрсауынан алып шықты. Жолаушылар дер кезінде 112 нөмеріне хабарласқан. Осы аудандағы шаруа қожалығының жұмысшыларына да көмек көрсетілді. Олар 3 күн қатарынан соққан боран салдарынан қыстақтан шыға алмай қалған.

Жадыра Аманғалиқызы,  ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы:
Құтқарушылардан көмек сұрап жүгінді. Біздің құтқарушылар хабар ала салысымен жол талғамайтын көлік арқылы осы жерге жетіп, шопандарды аман-есен алып шықты.

Бүгін «Өскемен-Риддер-РФ шекарасы» автожолы жабылды. Риддер қаласы мен Ресей аралығындағы тас жолымен көліктің барлық түрлеріне жүруге тыйым салынған.

Қарағанды облысында да жаңбыр аралас қар жауып, жер көктайғаққа айналды. Балқаш пен Алматы арасындағы автобанда мұз қатып, көлік жүре алмай қалған. Соның салдарынан Сарышаған кентінен 30 шақырым жерде кептеліс пайда болды. Төтенше жағдай қызметі түнде Ағадыр елдімекенінің маңында қар құрсауында қалған 5 адамды құтқарған. Ал қала ішінде коммуналдық қызмет жолдарды аршып үлгермей жатыр.

Ал Петропавлда қар басқан жолда екі көлік апатқа ұшырап, бір адам көз жұмды. Полиция департаментінің мәліметінше өңірде соңғы екі күнде жол апатынан тағы екі адам жапа шеккен.

Баян Байғаскина,  СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы: 
Петропавл қаласының айналма жолында «Урал» жүк көлігі мен «LADA Largus» көліктері соқтығысқан. «LADA Largus» автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Аталған жол-көлік оқиғасы фактісі сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізімдемесіне тіркелген. Себептері мен салдарын анықтау бойынша бірқатар сараптамалар тағайындалды.

Күн райы күрт бұзылған өңірлерде құтқарушылар мен патрульдік полиция күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Ал оқыс жағдайға тап болған тұрғындарға ел бойынша үздіксіз жұмыс істейтін 1403 нөміріне дереу хабарласу қажет.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу