Жаңақорған ауданында бірқатар ауыл сервистік ауызсу жүйесіне қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңақорған ауданында бірқатар ауыл сервистік ауызсу жүйесіне қосылады

22.11.2021

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында бірқатар ауыл биыл сервистік ауыз су жүйесіне қосылады. Соның ішінде, алпыс жыл бойы тіршілік нәрінен таршылық көріп келген Қауық елді мекеніндегі жұрттың талап-тілегі биыл орындалды. Шалғайдағы қойшы ауылдың қуанышына өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы куә болып қайтты.

Қауық малмен күнелтіп отырған мекен. Жырақтағы ауылдың жыры ауыз су мәселесі еді. Өйткені мұнда құдықтың суы да тұзданып, ішуге жарамай қалған. Тұрғындардың жағдайы елеусіз қалмады. Биыл демеушілердің көмегімен елдімекенге су құбыры тартылды.

Жанайдар Битасов, ауыл тұрғыны:
Бұрын әр жерден тасып, барған жерімізге канистр салып, суды алып келетінбіз. Қазір есіктің алдында ағып тұр. 

Сондай-ақ Жаңақорған кенті мен үш ауылда ескірген су жүйелері қайта жөнделіп жатыр. Жалпы аудандағы 35 елдімекенді Талап және Жиделі топтық су құбырына қосу көзделген. Бірақ, қазылған скважиналардағы су қоры жеткіліксіз. Сондықтан, біраз ауылда тіршілік нәрі әзірге шектеумен беріліп жатыр. 

Ердулла Сұлтанбеков, Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары:
Талап топтық су құбырында судың белгіленген көлемі шыққан жоқ. Қазіргі таңда қосымша 5 ұңғыма қазылғаннан кейін судың көлемі жеткілікті болады деп есептеп отырмыз. Сол кезде суды халыққа үздіксіз беруге мүмкіндік болады.

Ауданда тағы 4 ауылды сервистік су жүйесіне қосу жоспарланған. Жобасы әзір. Қаржы бөлінсе келер жылы құрылысы басталмақ.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу