Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігінің соңғы алты жылдан бері бірінші рет ұйымдастырылған кеңейтілген алқа отырысына қатысты. Сыртқы дипломатияның жетістіктерін санамалады. Және:
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір Қазақстанның сыртқа бағытталған жұмысында біртұтас, жалпы мемлекеттік стратегия жоқ деуге болады. Бұл – жүйелі сипаттағы мәселе. Сыртқы істер министрлігі тығыз мекеме-аралық үйлестіру жұмысын тиімді атқаруы керек. Мемлекеттік аппарат ішіндегі байланыс, өзара ықпалдастық әлсіз. Соның кесірінен елеулі кемшіліктер болып жатады. Оған қоса, ұлттық мүддені қорғайтын кезде тиімді жұмыс атқарылмайды. Мысалы, қазір Жайық өзені тартылып барады. Қазақстанға жолданған жүк Қытай шекарасында тұрып қалды. Біздің кәсіпкерлеріміздің көрші елдер нарығындағы мүддесі ойдағыдай қорғалмай отыр. Осындай келеңсіздіктер халықтың тұрмыс сапасына және көңіл күйіне кері әсер етеді.
Тағы былай деді: – ...Мынадай маңызды ой-тұжырымдарды ортаға салғым келеді. Біз Тәуелсіздік пен егемендікке, еліміздің шекарасы мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін бір де бір келісімге жол бермеуіміз керек. Өйткені, осы қасиетті құндылықтар біз үшін бәрінен қымбат. Біз ең алдымен, Қазақстанның мүдделерін табандылықпен қорғауымыз қажет.
Президент Қазақстан дипломатиясына тың серпіліс қажет деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Білімді, білікті әрі елге адал қызмет еткісі келетін жастар үшін министрлікке жұмысқа тұру – «алынбас қамалдай». Бұл ахуалды түзеп, кадр саясатын түбегейлі қайта қарайтын кез келді. Дипломатиялық қызметке, ең алдымен, көзі ашық, көкірегі ояу, отаншыл мамандар қажет. Қазақстан атынан шет мемлекеттерде қызмет істеп жүрген дипломаттарымыз шетел тілдерін ғана емес, алдымен, мемлекеттік тілді білуі керек.