Жаңақорғанда мал суаратын 22 құдық қазылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңақорғанда мал суаратын 22 құдық қазылды

19.11.2021

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында биылғы қуаңшылыққа байланысты мал суаратын 22 құдық қазылды. Дария деңгейі түсіп кеткен соң шаруалар төрт-түлікті қыстан аман алып қалудың қамын жасап бағуда. Өңірдегі тілішіміз Әділбек Серікұлы шалғайдағы шаруалардың жәйін көзбен көрді.

Қыркеңсе ауылдық округінің бір өзінде мал өсіріп отырған 30 дана аса ірілі-ұсақты шаруашылық бар. Төрт-түлік жаздыгүні Қаратаудың баурайында жайылса, күзде жаппай Сыр беткейге қыстауға көшеді. Мұнда басты мәселе өзеннен тарайтын арналарда мал ішетін су жоқ. Сондықтан тығырықтан шығудың амалы құдық қазып, жер асты суын пайдалану.

Асан Шаншаров, шаруа қожалығының төрағасы:
Бұл негізінен малдың бәрі су ішу керек. Су болмағасын болмайды, бәрі жан-жаққа тарап кетеді. Соған байланысты біздегі шаруа қожалықтар өз күштерімен құдық қазып, малды суарып отырмыз. 

Жалпы аудан аумағында мал суаратын барлығы 53 құдық бар. Соның 22-сі биыл қазылды. Жылқы, түйе мен мүйізді ірі қараны қоспағанда аймақтағы уақ малдың 50 пайызға жуығы өңірдің оңтүстігінде орналасқан Жаңақорған ауданының еншісінде. Соған сәйкес, шаруаларға мол жем-шөп қоры қажет. Бірақ, ел іші бір-біріне көмек қолын созып, бұл мәселені де оңтайлы шешіп отыр.

Талғат Зейдәлиев, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Тау беткейдегі мал шаруашылықтар үшін Сыр беткейдегі егін шаруашылықтары қажетті жем қорларын өзара байланыстырып, бәріне түгел рациондарына сәйкес қазір жем-шөп қоры түзілді.

Жалпы ауданда мал басы біршама өскен. Бұл «Сыбаға», «Құлан» секілді мемлекеттік бағдарламалардың жемісі. Сондай-ақ жаңақорғандық шаруалар қуаңшылықтың зардабын қатты тартқан Аралдағы ағайынға 5 мың бау шөпті тегін жөнелтті.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу