Еуропада екпе салдырмағандарға шектеу көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада екпе салдырмағандарға шектеу көп

18.11.2021

Еуропада коронавирус күннен-күнге өршіп барады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, соңғы бір аптада қарт құрлықта ковидті 2 млн-нан астам адам жұқтырып, 28 мың адам індеттен көз жұмған. Індеттің таралуына тосқауыл қою үшін Еуропа елдері карантинді күшейтіп, екпе салдырмағандарға локдаун жариялауда. Қазір бізбен Брюссельден әріптесім Нұрсұлу Қасым байланысқа шықты. Нұрсұлу, қарт құрлықтағы соңғы ахуалды баяндасаңыз. Қай елдерде, қандай шектеу енгізілді?

Нұрсұлу Қасым, тілші:
Эпидахуал қазір әсіресе Шығыс Еуропа елдерінде ауыр. Словакия ауруханаларында ковидпен түскендерді жатқызатын орын болмай жатыр. Чехияда бүгін бір тәулікте коронавирус 22 мың адамнан анықталған. Жансақтау бөліміне ауыр халде түскендердің 90 пайызы екпе алмағандар дейді дәрігерлер. Сондықтан ел үкіметі вакцина салдыртпағандарға дәріхана мен азық-түлік дүкенінен басқа жерлерге баруға тыйым салды. Австрияда да екпе алмаған 2 млн адамға дәл осындай қатаң шектеу қойылған. Тәртіпке бағынбағандарға 500 еуро мен 1500 еуро аралығында айыппұл салынып жатыр.

Екпе науқаны әр елде әртүрлі. Мәселен, Словакияда халықтың тек 45 пайызы ғана екпе салдыртса, Нидерландта 12 жастан асқан азаматтардың 82 пайызы толықтай вакцина алған. Қазір Еуропа елдері вакцинаны мәжбүрлеуді күшейтті. Латвияда екпе салдыртпағаны үшін жүздеген депутат, 200-дей мемлекеттік қызметкер жұмысқа кіргізілмеді. Айтпақшы, Австрия 5 пен 11 жас аралығындағы балаларға Pfizer вакцинасын салуды бастады. Індет өршігелі қарт құрлық елдері масканы балаларға да киюді міндеттеді. Литвада матадан тігілген маскаға тыйым салынды. Медициналық бетперде тағу - міндет.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу