Семейде 119 миллион қарағай көшеті егіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде 119 миллион қарағай көшеті егіледі

18.11.2021

«Семей орманы» табиғи орман резерваты аумағында 119 миллион қарағай көшеті егіледі. Бұл - Президенттің «орманды алқапты ұлғайту бойынша 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарына» сай атқарылатын жұмыс. Қазір жыл сайын 3300 гектар жерге көшет отырғызылады. 

«Семей орманы» табиғи резерваты 2003 жылы өңірдегі орман шаруашылықтарын біріктіру арқылы құрылған. Қазір қарағайлы алқаптың ауқымын арттыру бойынша жетістік жаман емес. Резерват пайда болғанға дейін 44 гектар ғана қарағай қолдан егілген болса, оның көлемі бүгінде 40 мың гектарға артқан. Орманшылардың заманауи техникамен қамтылуы да жоғары деңгейде.

Болат Бердікенов, «Семей орманы» орман резерваты бас директорының міндетін атқарушы:

Кешенді жоспарға сай ұлттық қордан 757 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Оған 53 трактор мен 35 орман егетін машиналар сатып алдық. Бізде тұқымбақтардың көлемі жыл сайын ұлғайтылып келеді.

Резерватта ең соңғы үлгідегі тұқымбақ кешені жұмыс істеп тұр. 2016 жылы швед технологиясы арқылы салынған. Далада қарағай көшеті 2 жылда өсіп шықса, жылыжайда жылына екі рет қылқан жапырақты өскіндер алынады. Қазір кешенде қарағай тұқымдарын жинап, кептіру мен егуге дайындық жұмыстары жұргізіліп жатыр.

Владимир Клец, инженер-технолог:

Бұл - Қазақстан мен Орта Азиядағы жалғыз тұқымбақ кешені. Бұрын шағын ашық тұқымбақтарда көшетті далада дайындайтынбыз. Мына жерде өсірген көшеттеріміз төзімді әрі табиғи ортаға тез бейімделеді.

Орман резарватында кешеннен бөлек қарағай өсіретін 6 тұқымбақ бар. Соның нәтижесінде 2025 жылға дейін орманшылар 25 мың гектар жерге қарағай отырғызуға қол жеткізбек.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу