«Атадан мал қалғанша, тал қалсын». Осыдан 23 жыл бұрын елорда маңы мидай жазық болатын. Сол кезде отырғызылған көшеттер қазір орманға айналды. Жерінің 4 пайызы ғана орманға оранған Қазақстан үшін бұл айтулы жетістік. Елбасының бастамасымен жүзеге асқан бұл игіліктің шарапатын ең алдымен ел көріп отыр. Өкінішке орай, Жаңа жыл қарсаңында орманды отап, шырша аңдитындар көп. Орманшылар ұрылардың жолын кесу үшін дрон ұшырып, әуеден бақылауға кіріскен.
Қазір ағаштар қысқы ұйқыға кеткен. Алайда ұрылар кірпік қақпайды. Әсіресе желтоқсан айында қылқан жапырақтыларды аңдитындар көбейеді. Бірнеше күндік сауық-сайран үшін жайқалып тұрған ағаштарды аямайды. Орманшылар ондайларды жерден де, аспаннан қадағалап отыр.
23 жылда 146 млн ағаш отырғызылды. Бас қаланың тек іші әдемі емес, сырты да сұлу, келбетті болуы тиіс деген Нұрсұлтан Назарбаев «Жасыл белдеуді» ылғи мақтанышпен мысал етеді. 2019 жылдан бастап дәл осы жоба негізінде Түркістанның айналасында «Жасыл белдеу» отырғызыла бастады. Мұны да аз санаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызуды тапсырды.
Мұхит Рамазанов, «Жасыл аймақ» РМК бас директоры:
Қазақстанның орманмен қамтылған аумағы 4 пайыздан асады. Президенттің тапсырмасымен 2 млрд ағаш отырғызсақ, онда біздің орманмен қамтылған территория 5 пайыздан асады. 1 пайыз аз сияқты көрінуі мүмкін. 2 млрд ағаш отырғызу - үлкен шаруа, ол іске аса, ірі шаруа.
«Жасыл белдеу» ішінде қазір сүйелді қайың, ұсақ және жалпақ жапырақты шегіршін, қарағай, көде, боз жиде, терек, сары қарақат, көріктал және шие секілді ағаштардың 30-ға жуық түрі өседі.
Ғабит Бөкенбай, тілші:
Бұл жерді астананың өкпесі деп те атайды. Таза ауа жұтамын, сейіл-серуен құрамын деген адам осында келеді. Бұл -бір. О баста, «Жасыл белдеу» бас қаланы қалың қар мен тоқтаусыз соғатын желден қорғайтын қорған болсын деп басталған. Кәнігі тұрғындардың сөзіне сенсек, арқаның ақ бораны азайып, күн жылына түскен.
Ғабит Бөкенбай