Еліміздегі футбол клубтарын мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату керек - Депутат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі футбол клубтарын мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату керек - Депутат

17.11.2021

Еліміздегі футбол клубтарын мемлекеттен қаржыландыруды тоқтату керек. Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Қазақстан құрамасының Франциядан 0:8 есебімен жеңілгенін сынап, оларға миллиардтап ақша бөлуді доғаруды талап етті. Екі күн бұрын футбол федерациясының бас хатшысы бюджеттен тек 200 миллион теңге ғана алғандарын мәлімдеген. Алайда Қазыбек Иса облыстық әкімдіктер кәсіпқой клубтартарды ұстауға қыруар қаржы бөлетінін айтты.

Халық қазынасы қазақ футболын дамытуға емес, шетел футболшыларын байытуға жұмсалып жатқанына назар аударды. Бұл ақшаны балалар үшін футбол мектебін ашуға, бапкер дайындауға, тегін футбол алаңдарын салуға жұмсап, ауылдағы талантты жастарға жағдай жасауды ұсынды. Осы уақытқа дейін футболға бөлінген қаржының есебін беруді де талап етті.
Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Футболға халықтың қыруар қаржысын Франциядағыдай әлемге масқара болу үшін құйып отырмыз ба? Нәтижесіз футболға бөлінген 133 миллиардқа кемінде 133 мектеп салуға болар еді. Сондықтан гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын, қол салғанда мол салатын футболға миллиардттарды босқа шашуды тоқтататын уақыт жетті.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу