Шортандыдағы жарылыс: Жансақтау бөліміндегі балалардың жағдайы ауыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шортандыдағы жарылыс: Жансақтау бөліміндегі балалардың жағдайы ауыр

17.11.2021

Ақмола облысының Шортанды кентінде газ жарылып, 3 адам көз жұмды. Тағы 10 адам зардап шекті. Өңірдегі әріптесім Ермек Елберген қазір байланысқа шықты. 

 Ермек Елберген, тілші:
Жарылыстан зардап шеккен 10 адам ауруханаға жеткізілді. Қазір олардың екеуі Шортанды аудандық ауруханасында жатыр. Жағдайлары тұрақты. Ал 4 бала мен 2 ересек адам Нұр-Сұлтан қаласының ауруханаларына шұғыл жеткізілді. Олардың бәрі жансақтау бөлімінде жатыр.
Нариман Сыздықов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Жансақтау бөлімінде жатқан балалардың жағдайы ауыр. 2009 және 2012 жылы туған екі баланың жағдайы аса ауыр. Олар жасанды тыныс алу аппараттына қосылған. Денелерінің 90 пайызын күйік шалған.
Ермек Елберген, тілші:
Жеңіл жарақат алған екі адам амбулаторлық ем қабылдауда. Белгілі болғаны - жарылыс болған үйде 7 адамнан тұратын отбасы өмір сүрген. Қалғандары қонаққа келген. Оқиға орнынан бір баланың және 2 әйелдің денесі табылды. Мамандар жарылыстың себебін анықтауда. Болжам бойынша үй иесі газды дұрыс қолданбаған. Сараптама жүргізіліп жатыр. 

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу