Түркістан облысында 700-ге жуық отбасы ауызсу мен электр жарығына жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 700-ге жуық отбасы ауызсу мен электр жарығына жарымай отыр

16.11.2021

Түркістан облысы Сайрам ауданындағы Әйтеке би ауылы әлі күнге әлеуметтік мұқтаждықтардан көз ашпай келеді. 700-ге жуық отбасы не ауызсуға, не электр жарығына жарыған емес. Жаңбырлы күндері ми батпаққа айналатын көшелерден аяқ алып жүрудің өзі мұң.

Ауыл жұрты оншақты жылдан бері осылай суды көлікпен тасып, өзегін жалғап отыр. Бір көлігі - 4 мың теңге. Бірақ оның өзі лас. Апта өтпей жатып құрттап, жәндіктері жыбырлап шыға келеді.

Бибігүл Оралбаева, ауыл тұрғыны:

Бір аптадан кейін ол суға қарасаңыз, ішуге тәбетіңіз тартпайды. Бірақ ішеміз, балаларда іш ауруы, тері ауруы шығып жатыр.

Ауызсудың машақаты күн суытқанда тіпті көп. Есік алдындағы ыдыстардың ішіне су қатып, оның алудың өзі мұңға айналады. Мұндайда астына от жағып, ішінен бір шелек суды әрең іліп алады.

Мұхтар Ибрагимов, ауыл тұрғыны:

Алдымыз қыс, ертең, арғы күні қар жауады деп жатыр, аяз болады дейді. Не істейміз сонда? Мұз қатып қалады. Осылай от жағамыз, қиналамыз. Бала-шаға үшін не істемесің?

Жұрттың жанайқайынан соң былтыр ауылда ауызсу жүйесінің құрылысы басталды. Бірақ кейін аяқсыз қалды. Пластик түтікшелері әр жерде бір ширатылып, көше бойларын қазып, орнатып кеткен құдықтардың беті сол күйі ашық жатыр.

Ербол Абуов, ауыл тұрғыны:

Суды бір-ақ кіргізбей ме? Міне, батпақ. Канализацияның бәрі ашық. Оның іші толды, трубасы сынды. Қайтадан қазу керек болады.

Ел Жаңа құрылыс атап кеткен аймақта электр жүйесі де жұрттың жүйкесін жұқартты. Тұрғын үйлер жекенің иелігіндегі трасформатордан тоқ алып отыр. Оның бағасы қымбат, жарығы әлсіз.

Бибігүл Оралбаева, ауыл тұрғыны:

Жарық қалай өшеді, үйіміз мұздайды. Қыста бізде проблема. Тіптен квартираға шығып кеткен күндеріміз болған. Бәрінде жас бала бар. Жарық жоқ дегенде 2 сағат өшеді. Кеше де жел жоқ, бірақ екі сағат өшті.

Ауызсу құрылысына қазынадан 444 миллион теңге бөлінді. Жарыққа 307 миллион. Қазынаның қыруар қаржысын тартылған жүйелер арзымайтын ақшаның жетіспеушілігінен аяқсыз қалған. Содан бері аудан облыстан сұрайды, облыс қырын қарайды.

Бақытбек Хасанов, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары:

Құрылыс басшылары сол жақта жұмыс істеп жатыр. Осы 2021 жылдың аяғына дейін сумен, электр жүйесімен қамтамасыз етуге жұмыс істеп жатырмыз.

Жетпей тұрғаны - 30 миллион теңге. Бұл қаржы сметада қаралғанымен, облыс түгендеп бере алмай келеді. Мердігерлер алашағы қолына тисе, суды да, жарықты да жыл соңына дейін тартып бермек. Ал жұртты мезі еткен жолдарды жөндеу - келер жылдың еншісіне қалып тұр.


Хабарламаларға жазылу