Елордада «Астана клубының» алтыншы отырысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада «Астана клубының» алтыншы отырысы басталды

15.11.2021

Бүгін елордаға әлемнің жетекші сарапшылары мен саясаткерлері және бірнеше мемлекеттің бұрынғы басшылары келді. Олар дәстүрге айналған «Астана клубының» 6-отырысына қатысып жатыр. Жаһан саясатының райын тамыршыдай басатын сақа сарапшылар бүгін пандемия жағдайында және одан кейінгі әлем қалай дамиды деген тақырыпты талқыға салды. Жиынның бірінші күні қалай өтті, тағы қандай мәселелер көтерілді?
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Бір жылдық үзілістен кейін «Астана клубы» халықаралық пікірталас алаңы белді сарапшылардың басын қайта қосып отыр. Үш күн қатарынан өтетін алтыншы жиынның басты тақырыбы - пандемиядан кейінгі жаңа әлем деп аталады. Жаһандық саясат пен экономиканың бағыт-бағдарына әсер етіп отырған сарапшылар жер-жиһанды алаңдатып отырған жаңа қауіп-қатерлер мен мүмкіндіктер туралы ойын ортаға салды.
 Джонатан Гранофф, Жаһандық қауіпсіздік институтының президенті: /АҚШ/
Қазақстан - көптеген дін мен ұлт өкілдері бейбіт өмір сүретін, бірнеше тіл еркін қолданылатын және ешқандай ұлтаралық жанжал жоқ ел. Осы арқылы сіздер әлемге үлгі бола аласыздар. Мұнан бөлек, Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқанын да білеміз. Бұл - үлкен жетістік. Әлем елдері осы бағыттағы жұмысты жалғастыруы тиіс.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Жиында  әлемдік қауымдастықтың экономикалық дағдарыстан шығу мүмкіндігі, Ауғанстан болашағы және алдағы онжылдықта Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы көшбасшы ретіндегі рөлі сынды тақырыптар талқыланады. Сарапшылар қатарында Нобель сыйлығының иегерлері мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері бар. Сондай-ақ Бельгия, Грузия, Словения, Түркия, Ауғанстан секілді елдердің бұрынғы басшылары да сөз сөйлейді.
Нино Бурджанадзе, Грузия парламентінің экс-төрағасы:
Пандемиядан туындаған сын-қатерді жалғыз жүріп еңсеру мүмкін емес. Қазіргі дағдарыстан әлем тезірек шығу үшін ынтымақтастық өте маңызды. Қазақстан көп іс тындырып, өңірдегі көшбасшы екендігін бірнеше мәрте көрсетті. Сондықтан Грузия үшін Қазақстанмен стратегиялық ынтымақтастықты жалғастырып, пандемия мәселелерін бірлесіп шешуге мүмкіндік беретін жаңа жобаларды жүзеге асыру маңызды.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Ел-жұртты сөзіне ұйытып, кесіп сөйлейтін жер-жиһанның саяси элита өкілдері «Астана клубында» бас қосуды дәстүрге айналдырған. Осы уақытқа дейін бұл алаңда 40 мемлекеттен келген 200-ден аса сарапшы сөз сөйледі. Биылғы жиында 13 бірдей кездесу өтпек. Басты пленарлық отырыста «Үлкен Еуразия: жаңа әлем көрінісі» тақырыбында ой қозғалмақ. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп жоспарланып отыр.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу