Футболдан Әлем чемпионатына іріктеу жарысында ұлттық құрамамыз Франциядан 0-де 8 болып ұтылды.
Спорт журналисі Несіп Жүнісбаев: «Жігіттеріміз бір қапқа симайтын доп арқалап оралды», - деп сынға алды.
Ал ашынған жанкүйерлер Еуропа біздің не теңіміз, Азия футбол конфедерациясына қайта оралу керек деп жатыр. Негізі доп тебе алатын жігіттер бізде де бар.
Бірақ ел футболының аяғын тұсап тұрған мемлекеттік қаржыландыру жүйесі сияқты. Өйткені бұл спорт бүкіл әлемде коммерциялық жоба. Ал біздің клубтар ғана бюджеттің ақшасымен күн көреді. Осыдан болса керек, жанкүйерлерді футболдағы жеңілісі емес, соған бөлінген қаржы ашуландырады. Мысалы, соңғы 3 жылда елдегі футбол клубтарына 105 млрд теңге бөлінген деген дерек бар. Клубтық деңгейдегі нәтижеміз белгілі. Ал ұлттық құрамамыз әлемдік рейтингте тым болмаса 105-орында емес.
Мүмкін осы қаражат балалар мен жасөспірімдер футболына бөлінгенде бізге 4 гол салған Мбаппелерден 8-де 0 болып жеңілмес пе едік. Норвегия, Дания, Бельгия осы әдісті қолданған. Қазір фавориттерді жеңіп жүр. Ал бізде бұқаралық спорт деп, әуесқой лигада жүрген 35-40 жастағы жігіт ағаларын қаржыландыру басым. Қалай десек те, кешегі жеңілістен кейін Қазақстан футболын әлемнің дамыған 50 елінің футболымен теңестіру үшін Үкімет арнайы жол картасын жасасын деп мысқылдап жатқандар да бар.