Аптаның екінші жартысында Ыстамбұлда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммиті өтті. Біздің Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сутегі энергетикасын дамыту бойынша консорциум құруды ұсынды.
«...Елдеріміздің басты ғылыми мекемелерін жұмылдырып, Халықаралық консорциум құруды ұсынамын. Бұл құрылым сутегіні өндіретін, оны сақтап, тасымалдайтын жаңа технологияны дамыту үшін қажет» деген Қ.Тоқаев.
Қазақстан басшысы «Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құру» идеясын да ұсынды. «Алдағы жылы IT саласында еңбек етіп жүрген жастарымыздың арнайы форумын өткізуді ұсынамын. Оны «Astana Hub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінде ұйымдастыруға болады. Ондағы стартаптар соңғы 2,5 жылда 375 миллион доллардан астам пайда тапты. Сонымен бірге 132 миллион долларға жуық инвестиция әкелді. Жалпы, «Astana Hub» технопаркінде жеңілдетілген визалық режим бар. Ал онда жұмыс істейтін компаниялар салықтан босатылады» деп құлақтандырған.
Және тағы бір деталь: Қасым-Жомарт Тоқаев бір оқиғаны еске алған. Президенттің сөзіне сүйенсек, әңгіме өткен ғасырдың ортасында тағдыр тәлкегімен тау асып, арып-ашып Анадолы жеріне келген мыңдаған қазақ отбасын өз бауырым деп құшақ жайып қарсы алған Аднан Мендерес жөнінде болып отыр. Ол өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары он жыл бойы Түркия Республикасының премьер-министрі болған адам.
«Қазақтардың осында орнығуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған бірден-бір тұлға болғаны ақиқат. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қазақ халқының атынан Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, құшағы кең барша түрік халқына шынайы алғысымды айтамын» деген Қ.Тоқаев.
Саммит соңында «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің» атауы «Түркі мемлекеттері ұйымы» деп ауыстырылды. Ұйымға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан мүше. Саммитке бақылаушы елдердің басшылары ретінде Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан қатысты.