Басты Жаңалықтар Павлодар облысында мемлекеттік орган шаруаның шығынын өтеп беретін болды

Павлодар облысында мемлекеттік орган шаруаның шығынын өтеп беретін болды

Мемлекеттік орган жеке шаруаның шығынын өтеп беретін болды. Тереңкөл аудандық әкімшілігі шаруа қожалығына 6 млн 820 мың теңге төлеуге тиіс. Мұндай шешімді Павлодар облыстық соты шығарды. Бірақ аудан басшылығы Жоғарғы сотқа жүгінген. Меншікті тілшіміз Болат Аманбаев мән-жайды анықтады.

Тереңкөл ауданы аумағынан 49 жылға жер телімін жалға алған Әбетановтар мал сатып алып, шаруа қожалығын ашады. Бірақ екі жылдан кейін қолында ауданның жер комиссиясы берген құжаты бар жердің жаңа қожайыны пайда болады.

Жанар Әбетанова, шаруа қожалығының өкілі:
Шаруа қожалығы заң бұзбаған. Ондай дерек мүлдем жоқ Ал аудан әкімі қаулы шығарып, біздің жер учаскемізді алдымен мемлекеттік жер қорына өткізген. Келісімшартты біржақты бұзып, оны әділет органында тіркейді де, іле-шала басқа кәсіпкерге береді. Мұның бәрін айналдырған екі айда жасаған. Бізге ескерткен жоқ.

Жерінен айырылған шаруаға 250-ге жуық жылқы мен техниканы сатуға тура келген. Облыстағы өкілетті органдардан қайран болмаған соң, Парламентке шағым түсірген. Содан кейін ғана құзырлы органдар шаруаның мәселесіне мән берген.

Серік Әубәкіров, өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
Бұл - 2019 жылдан бері созбалақтап келген іс. Сот әділ шешім шығарды деп ойлаймын. Мемлекеттік органның жеке адамның шығынын өтеп беруге міндеттелуі - облыста бірінші рет. Бұл басқа әкімдерге сабақ болуы тиіс. Өйткені бізге түсетін шағымдардың 35 пайызы жер мәселесіне қатысты.

Кәсіпкерге жері қайтарылды. Бірақ белгіленген өтемақы төленген жоқ.

Әбетановтар Тереңкөлде шаруа қожалығын қайта ашты. 50-ге тарта жылқы сатып алған. Бірақ әкімі бір бөлек, әкімшілік бір бөлек ауданда шаруасының ілгері басарына күдігі көп.

Болат Аманбаев


Бөлісу