Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің ІХ конгресі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің ІХ конгресі өтті

12.11.2021

Бүгін Алматыда Қазақстан қаржыгерлерінің ІХ конгресі өтті. Жиында еліміздің қаржы саласын дамытуға байланысты бірнеше өзекті мәселе талқыланды. Ұлттық валюта күніне орайластырылған шараға қатысушылар әлем экономикасының цифрландырылуы, «жасыл» экономика мен инфляцияның өсімі сынды әлем елдеріне төніп тұрған сын-қатерлердің шешілу жолдарымен бөлісті.

Соңғы жарты жылда азық-түлік инфляциясының 7,0%-дан 8,9%-ға дейін көтерілгені тіркелді. Осы ретте Президент халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының алдында тұрған ортақ міндет екенін айтты. Осыны ескерген Ұлттық банк 2030 жылға дейінгі ақша-кредит саясаты жоспарын бекітті.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
Қазақстан бүкіл әлемдік экономика сияқты соңғы екі жылда пандемияның кесірінен әлемдік дағдарысты бастан өткізді. Қазір бірте-бірте алға жылжып, экономика қалпына келуде. Әлемдік нақты ішкі жалпы өнім Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша 5,9%-ті құрайды деп күтілуде.

Ұлттық банк төрағасының сөзінше, қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде соңғы алты айда азық-түлік бағасының өсуі тоқтаған. Сондай-ақ инфляцияның жоғары болуына негізгі екі себепті атап өтті. Олар – азық-түліктен өзге тауарлар мен ақылы қызмет көрсету саласы.

Елена Бахмутова, ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің төрағасы:
Ұлттық банктің жаңа бастамалары, оның ішінде Ұлттық төлем жүйесін, цифрлық теңгені дамыту қаржы нарығына айтарлықтай оң ықпал етуде.Сондай-ақ банктік емес төлем жүйелерін және ашық банкингті жаңғырту жөніндегі бастамалары нәтиже бере бастады.

Қаржыгерлер айтқан қағидалар жүзеге асса, Ұлттық қордың активтерін сақтап, көлемі біртіндеп артуы мүмкін. Инфляцияға әсер еткен тағы бір фактор – дағдарыс кезеңіндегі қаржылық ынталандыру. Сондықтан инфляциялық қысымды төмендету үшін макроэкономикалық саясатты үйлестіру өте маңызды.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу