Тәуелсіздік жылдарында Алматы облысында 14,5 млн шаршы метр үй берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік жылдарында Алматы облысында 14,5 млн шаршы метр үй берілді

11.11.2021

Биыл Жетісу жеріндегі ауыл шаруашылығының жалпы өнімі алғаш рет бір триллион теңгеден аспақ. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталов елордада өткен  брифинг барысында айтты. Аймақ басшысының сөзінше Алматы өңірі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына толағай табыстарымен қадам басып отыр. Әріптесім Шерхан Жамбылұлы да баспасөз мәслихатына қатысып қайтты.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Жыл аяғына жақындап қалды. Әдеттегідей елордада әкімдер брифинг өткізіп, жұмыстарына есеп береді. Алғашқылардың бір болып тәжірибесі мол Амандық Баталов келді. Жері шұрайлы Жетісу аймағында ауыл шаруашылығы жетекші саланың бірі. Биыл шаруалар мен диқандарды қолдау үшін 50 млрд теңге субсидия бөлінген.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
Біз 2025 жылға дейін қант қызылшасы алқабын 53 мың гектарға дейін ұлғайту есебінен өндіріс көлемін екі миллион тоннаға дейін жеткізу жөнінде ауқымды міндет қойып отырмыз. Ол үшін жалпы өңдеу қуаты жылына 1 млн 100 мың тонна Көксу және Ақсу қант зауыттарын жаңғырту жоспарлануда.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Алматы облысы бизнеске қолайлы аймақ. Өнімді тұтынатын ірі нарық, алып шахар Алматы іргеде тұр. Биыл 9 трансұлттық компания құны 290 млрд теңге болатын ірі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Құрылыс саласындағы жұмыстар да ауқымды.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
30 жыл ішінде 14,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бюджетке түсімдер 1997 жылғы 11 млрд теңгеден 742 млрд теңгеге дейін өсті. 30 жылда облыс экономикасына 6,5 трлн теңге инвестиция салынды.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Жыл басынан бері Алматы өңірінде 135 жаңа балабақша ашылған. 2022 жылы бұл мәселе толықтай шешілмек. Жаңа мектептер де бой көтеріп жатыр. Биыл 17 білім ұясы пайдалануға берілмек.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу