Елордада көмір тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада көмір тапшы

10.11.2021

Елордада көмір тапшы. Қала аумағындағы қара отынды сататын теміржол тұйықтарында көмір жетіспейді. Баға да тұрақсыз. Ал бас қаланың әкімдігі биыл көмір көлемі 4 пайызға артты деп отыр. Жағдайды көзбен көріп қайтқан әріптесім Нұрдос Сембек баяндайды.

Нұрдос Сембек, тілші:

Күз келсе, елімізде қатты отынның бағасы шарықтап, тапшылығы бірден байқалады. Қазір біз тұрған Нұр-Сұлтан қаласындағы көмір сату тұйығында қалған көмірдің көлемі осы ғана. Ал таңнан бері кезек күтіп тұрған сатып алушылар қатты отынның жолын тосып отырмыз дейді.

Ербол Жазықбаев, қала тұрғыны:

Вагон жоқ, тағы бірдеңе жоқ дейді. Қазір  мәжбүрлі түрде аласың. Бала-шағаңды далаға тастамайсың ғой. Бағасы 23 000 тг болып жатыр.

Елордалықтар көмір тапшы деп сенделіп жүр. Солардың бірі - Ғалия Есмағанбетова. Көктал 2 шағынауданына келін болып түскеніне 10 жыл болған. Содан бері көпбалалы ана күн суыса, отын жарып, көмір тасудың машақатын көріп келеді.

Ғалия Есмағанбетова, Көктал 2 шағын аудан тұрғыны:

Қала бойынша көмір жоқ қой. Болған күннің өзінде алдын-ала кезекке тұрып аласың. Оның өзін 2-3 күн күтесің.

Шағынауданға көгілдір отын тартылып қойған. Бірақ кіреберіске келгенімен, үйге кіргізу мұң. Себебі құбырды тартып, пешті орнату қалтаға салмақ. Жеке компания қызметі мен материал бағасын қосқанда 700 мың теңге керек.

Әкімдік болса, бағаның бақылсаусыз кеткеніне, ортадағы делдалдарды кінәлайды. Қала бойынша 8 темір жол тұйықтары, 14 кіреберіс жол бар. Көмір тоннасы 10 мың теңгемен қалаға келсе, кірме жолдардың қызметін қосқанда 13 мың. Ал отынды көлік арқылы тікелей таситындар, бір рейске 20-25 мың теңге алады. Осылайша баға қымбаттап кетеді деп отыр.

Абылайхан Оспанов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің отын-энергетикалық ресурсы бөлімінің бас маманы:

Алдында «Қазақстан темір жолы» компаниясымен вагон мәселесі туындаған болатын. Қазір бәрі шешімін тапты. Бағаның қымбаттауына жеке компаниялардың әсері бар. Олар өз қызметінен бөлек, пайда табу үшін жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде заңсыз жұмыс істеп жүргендері де бар.

Отын сату тұйықтарын аралап, жағдайды саралап қайтқанымыздан түйгеніміз - көмір тапшылығы оның сапасымен де тікелей байланысты екен. Қызуы жақсы Шұбаркөл мен Қаражыра көмірі осы себепті жетіспейді. Ал сапасы мен бағасы төмен Майкөбе отынын ешкім алғысы келмейді. 



Хабарламаларға жазылу