Еуропада індет өршіп, шектеулер күшейтілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада індет өршіп, шектеулер күшейтілуде

09.11.2021

Еуропа елдері індет өршігендіктен карантинді қайта күшейтуде. Франция, Бельгияда бастауыш сынып оқушыларына сабақта маска кию міндеттелді. Ал, Австрия мен Германияның қоғамдық орындарына бұдан былай екпе алмағандар кіргізілмейді. Қарт құрлықтағы соңғы ахуалды әріптесім Нұрсұлу Қасымнан білейік. 

Нұрсұлу Қасым, тілші:
Әсіресе, Нидерландтың Оңтүстігіндегі ауруханалардың жансақтау бөлімдерінде ковидпен түскендерді жатқызатын орын болмай жатыр. Қатерлі ісік, басқа да ауруларды емдеу кейінге шегеріліп, қазір медицина қызметкерлері коронавируспен түскен науқастарды емдеуге жұмылдырылған. Дәрігерлер үкіметтен адам көп жиналатын барлық ауқымды шараларды тоқтатып, карантинді күшейтуді талап етуде. Әйтпесе, алдағы екі аптада денсаулық сақтау саласы ауыр дағдарысқа ұшырайды-дейді. Індеттің таралуын тежеу үшін Австрияда бұдан былай мейрамхана, театр, шаштаразға, спорттық шараларға тек екпе салдыртқандар мен соңғы алты айда ковидтен жазылғандар ғана кіргізіледі. Осы жаңа ережені естіген тұрғындар таң атқаннан кеш батқанға дейін вакцина орталықтарына ұзын-сонар кезекке тұрып, екпе салдыртуда.
Анна Штейнер, Вена қаласының тұрғыны:
Қоғамдық орындарға енді ПТР тестпен кіре алмайсың. Сол үшін екпе салдыртуға келдім. Кезекте тұрғаныма 1,5 сағат болды.
Ральф Рейнштейн, Вена қаласының тұрғыны:
Осы уақытқа дейін екпеге сенімсіздік танытып, алмай жүр едім. Бүгін салдырттым. Себебі, індетке тек вакцина ғана қорған болатынына көзім жетті.

Өткен бір тәулікте Венадағы екпе орталығында 21 мыңнан астам адам вакцина салдыртқан. Екпе науқанын күшейту үшін Германияның Саксония аймағында да екпе алмағандарға қоғамдық тамақтану орындарына, жабық мекемедегі шараларға баруға шектеу қойылды.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу