Әлемдік бренд болатын аяқ-киім тігуді армандайды. Ақмола облысының Зеренді ауданында тұратын 28 жасар етікшінің қолынан шыққан өнім үлкен сұранысқа ие. Теріні кәдеге жаратып , сапалы аяқ киім өндірісін жолға қойған шебермен өңірдегі тілшіміз Ермек Елберген жүздесті.
Өркен Ақай соңғы екі жылдан бері аяқ-киім тігеді. Нұр-Сұлтан қаласына барып, арнайы оқудан өтіп, үйреніп келген. Әу баста аяқ-киім жөндеумен аналысқан жігіт кейін осылай шеберлігін шыңдады. Қазір жазғы-қысқы етіктерді тігіп жүр.
Өркен Ақай, етікші:
Мына сыртындағы сиыр терісі бұл Алматы қаласынан келеді, ал мына мех бұл таза қой терісі, бұлар Тараз қаласынан келеді. Өзіміздің отандық өнім десек болады, 100 пайыз отандық өнімдерді қолданып, отандық аяқ-киім шығарып жатырмыз. Біздің мақсат бізде Қазақстанда да осы әлемдік дәрежедегі өзіміздің брендімізді қалыптастыру мақсатында біз соған жұмыс жасап жатырмыз.
Өнімнің түрі сан алуан. Аяқ-киімдердің дизайнын өзі кескіндейді. Ғаламтор да қарайды. Тапсырыс берушінің талап тілектері ескеріледі. Өркен жарнамаға мән бермейді. Онсыз да тапсырыс көп. Сатып алушылардың жартысы Алматыдан. Жергілік тұрғындардан да сұраныс аз емес.
Еркін Байкенов, сатып алушы:
Бір емес, бірнеше рет осы тапсырыс беріп, тапсырыс алдым. Сапасы өте мықты, тамаша, жақсы, жылы ең маңыздысы. Біздің солтүстік өңірге сай нағыз жылу жағынан. Мен өзі, барша отбасыма осынан алып тұрамыз.
Алдымен былғарыға сызба салынады. Кейін кесіледі. Желімдейді. Тігіледі. Табанға қойылады. Оңай шаруа емес. Бір аяқ-киімді жасап шығаруға үш күнге дейін уақыт кетеді. Жалғыз болғандықтан үлгеру қиын.
Өркен Ақай, етікші:
Мамандар жоқ. Біз жұмысымызды әрі қарай үлкейтеміз, бірақ маман жоқ. Сол себепті біз келесі жылға жоспарлап отырмыз жас жұмыссыз жүрген кісілерді алып, өзіміз маман қылып тәрбиелеп шығуды жоспарлап, әрі қарай өзімізде жұмысқа қалса да или өз алдына жеке кәсіп ашуға да біз мүмкіндік жасап береміз бе деп жоспарлап жатырмыз.
Өркен Ақай келер жылы қайтарымсыз грант алуға үмітті. Қаржы болса, қарамағына жұмысшылар жинап, цех ашуға ниетті. Алпауыт компаниялар да шағын шеберханалардан бастау алған, - дейді Өркен.
Ермек Елберген