«Театрдың өмірге келуі» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Театрдың өмірге келуі»

06.02.2014
«Театрдың өмірге келуі»
«Театрдың өмірге келуі». Алматыдағы гастрольдік бағдарламасының үшінші күнін  «Астана Опера» театры осылай атады. Бүгін Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында  әлемдегі ең жас театр  гала-концерт қойды.
 
Бұл кеш көпшілікті  әнші-бишілердің шеберлігінен бөлек, бейнелі әсер, ауқымды шешімдер пайдаланылған  ерекше театрландырылған думанымен еліктірді.
 
Бұл кеш сахналық безендірілуі, көркемдік шеберлігі,  режиссерлік тапқырлығымен басқалардан өзгеше. Қазақ сахнасының саңлақтары  бұл жолы ән мен биді үйлестірді.
 
Театрландырылған нағыз думан қойып, классикалық және қазақ операсының тамаша туындыларымен көрермен көңілін көтерді. Әсем әуезге толы   монументалдық көріністер көпшілікті опера әлеміне  жетеледі.
 
Гюзель Хайбулина, «Астана Опера» театры опералық труппасының көркемдік жетекшісі:
Біз үшін көрерменнің қалай қабылдайтыны өте маңызды. Себебі, алматылықтардың талғамы жоғары, әрине, бұған біздің талантты әншілеріміз дайын. Алматының ұстаздары болмаса, Астананың оқушылары да болмас еді. Сол себепті қара шаңырақта өнер көрсету біз үшін ұстаздарға деген алғысымызды білдіріп, осы театрдың тарихына тағзым ету. Бізге вокал мектебінің дәстүрін сақтап, серіктестікті жалғастырған маңызды.
 
Театр солистері өз ісінің нағыз шеберлері. XX  ғасырдың әртүрлі бағыт, стильдеріндегі опералық партияларды қиналмай орындайды.  Жас та болса, бас қаланың беткеұстары, ұлттық өнердің айнасы болып жүрген ұжым өнері алматылық жұртшылықты тамсандырды. 
 
Мирасбек Мұхитдинов, көрермен:
Әртістердің шеберлігі, сахна мәдениеті өте жоғары екенін көріп, қуанып қалдық. Осындай концертпен жер шарының қай мемлекетіне, қай еліне барсақ та, ұялмай көрсетуге болады.  
 
Шымылдығын аты аңызға айналған «Біржан-Сара» операсымен ашқан ұжым бүгінгі кеште биік деңгейдегі балетін де ұсынды. Минкустың «Дон Кихот» балетінен бастап, ең үздік спектакльдерден қойылым қойды.
 
Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу