Түркияда «Қазақстан жолы. Түркі бірлігі» көрмесі ашылып, «Түркі әлемі: тарих, қазіргі заман, болашақ» халықаралық конференциясы өтті. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған қос шара мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың Түркияға жасайтын жұмыс сапары алдында ұйымдастырылып отыр. Тілші әңгімелейді.
Анкара төрінде Түркия президенті әкімшілігі жанындағы Ұлттық кітапханада Қазақстан мен Түркияның саяси және қоғам қайраткерлерінің басын қосқан халықаралық конференция өтті. Оған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Қазақстанның Түркиядағы Елшілігімен бірлесе ұйымдастырылды. Мақсат – тәуелсіз Қазақстанның дамуының маңызды кезеңдерін, түркі өркениетінің тарихи-мәдени және рухани мұрасын жаңғырту үдерістерін, түркі әлемі интеграциясын дамытуды талқылау.
Бақытжан Темірболат, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры:
Қос шараның Қазақстан тәуелсіздігінің 30-жылдық мерейтойы қарсаңында Түркияда өтуі кездейсоқ емес. Себебі Түркия – тәуелсіздігімізді бірінші болып мойындаған, бізді әрдайым қолдап келе жатқан бауырлас халық. Іс-шаралардың барысында қазіргі түркі әлемінің абызы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметі де кеңінен баяндалған. Өйткені еліміздің жетістіктері ғана емес, түркі халықтарының интеграциясындағы толағай табыстары да оның есімімен тікелей байланысты.
Конференцияда түркі интеграциясының басты халықаралық ұйымдары, Түркі Кеңесі, Түркі Академиясы, ТҮРКСОЙ мен ТүркПа өкілдері баяндама жасап, Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі тілдес мемлекеттер арасында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық пен ақпараттық кеңістік құру, сондай-ақ, жастарда ортақ тарихи сананы қалыптастыру идеяларының қазіргі жағдайы жайлы айтылды. Бұдан бөлек, конференция соңында Елбасы кітапханасы мен Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Ұлттық кітапхана арасында меморандумдарға қол қойылды.
«Қазақстан жолы. Түркі бірлігі» көрмесі көптің қызығушылығын тудырды. Үш бөлімнен тұратын көрме «Ұлы дала елі: кешегі мен бүгінгінің арасы», ал екінші бөлім «Қазақстан жолы» деп аталатды. Онда азаттық алғаннан кейінгі Қазақстанның мемлекеттік даму стратегиялары, қазіргі ел дамуы, тұрақты қалыптасуы сипатталады. «Түркі бірлігі» бөлімінде екі ел басшыларының ресми құжаттары мен жеке хаттары арқылы бауырлас елдердің қарым-қатынасының жоғары деңгейі көрсетілген.
Айхан Туғлу, Түркия президенті әкімшілігі жанындағы ұлттық кітапхана директоры:
Қазақстан дегенде ойымызға - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түседі. Сондықтан, Ұлттық кітапхана шаңырағында осындай көрменің өтіп отырғанына қуаныштымыз. Бұл жер Түркияның ең үлкен кітапханасы.
Нысаналы Ығыл, Айдос Әшім