Полицейлердің жалақысы 90 пайызға дейін өседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Полицейлердің жалақысы 90 пайызға дейін өседі

08.11.2021

2023 жылға дейін тәртіп сақшыларының жалақысы 90 пайызға дейін көбейеді. Бұл туралы еліміздің бас полицейі Ерлан Тұрғымбаев айтты. Оның сөзінше салада бұрын-соңды болмаған күрделі реформалар орын алды. Бұл халықтың форма кигендерге деген сенімін нығайту үшін қолға алынған. Мақсатты шаралар қаншалықты табысты жүзеге асып жатыр. Әріптесім Шерхан Жамбылұлы жалғастырады.

Бүгін Мәжіліс ғимаратында әр шаршы метрге шаққандағы полицейлер саны рекордтық санды көрсетті. Себебі Ішкі істер минстрлігі депутаттарға өз жетістіктерін көрсету үшін кең құрамда келген.

Министр Тұрғымбаевтың сөзінше ел тұрғындарының 38,7 пайызы полицияға толықтай сенеді. Дегенмен биыл тәртіп сақшыларының қызметтік бөлмелеріне жаппай камера орнатылмақ. Жыл соңына дейін ішкі істер органдарында 15,5 мың, түрме ғимараттарында 33 мыңдай бейнебақылау камерасы қойылады.

Ерлан Тұрғымбаев,  ҚР Ішкі істер министрі: 
Соңғы 3 жылда сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 43 пайызға қысқарды. Бұндай қылмыстардың 75 пайызы Өзіндік қауіпсіздік бөліністерімен анықталды. 146 басшы жазаға тартылды. Оның 42-сі қызметтен босатылды, 7-еуі жұмыстан шығарылды.

Реформа аясында тәртіп сақшыларыныың саны қазірдің өзінде 11 пайызға, яғни 10 мың қызметкер қысқарған. Есесіне полицейлердің жалақасы өсіп келеді. 2023 жылға дейін 50 мен 90 пайыз арасында көбейеді деді министр. Дегенмен депутаттар мұның өзі жеткіліксіз деп отыр.

Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
150 мың теңгеге таңғы 6-дан түнгі 12-ге дейін үй бетін көрмей қызмет ететін, жоғары білімді, сервистік қызмет талап еткендей өзі мейірімді, өзі ақылды, заң бұзушыларды күлімсірей қарсы алатын супер полицейді табу мүмкін емес екенін біліп отырсыздар.

Жиында мектептердің қауіпсіздігі де қозғалды. Депутаттар мұны ішкі істер министрлігі қатаң бақылауға алуы керек деген пікір білдірді. Алайда Ерлан Тұрғымбаев полиция қызметкерлерінің мектепті күзетуіне қарсы екенін жеткізді. Бұл ұстанымын ол: мектептер коллония емес, білім ордасы. Балалар сабақ оқуы керек деп түсіндірді. Есесіне жыл соңына дейін барлық мектептерді дабыл батырмасымен қамту көзделіп отыр.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу