Елімізде аяқ киім жыл басынан бері 6-8 пайызға қымбаттаған. Алдағы уақытта оның бағасы тағы да өседі дейді сарапшылар. Себебі аяқ-киімдерге арнайы код енгізілгелі жатыр. Қазақстандағы импорттаушы да, экспорттаушы да әрбір аяқ киімді таңбалауға міндеттеліп отыр. Бұл не үшін?- дегенге келсек,
Аяқ-киімді заңсыз әкеліп сататындармен күрес көрінеді. Яғни контрафакт тауар сатқызбау амалы. Ресми мәлімет бойынша, аяқ-киім нарығының жартысына жуығы көлеңкелі нарық. Көлеңкеде жүргендер баж салығын, кедендік салықты төлемейді. Ал біз аяқ киімнің 96 пайызын импорттаймыз.
Енді баға өседі дегенді тарқатсақ, таңбалау процесі басталса, тауардың өзіндік құнынан кемінде 12 пайыз қосылған құн салығы қосылады, бұл көтерме сауда жасаушылардың өзінде баға 12 пайызға өседі деген сөз. Сауда нүктесіне жеткенше тағы көтеріледі. Сонымен бірге Қытаймен арадағы жол жабық екенін ескерсек, тауар тапшылығы проблемасы шығуы мүмкін. Бұл да баға өсіретін фактор.
Онсыз да сапалы, тиісінше қымбат аяқ киімді сирек алатын, алса да батпақ көшелердің кесірінен тез тозатын бәтеңкесін лақтыруға қимай жүретін көпшіліктің «Дүниенің кеңдігінен не пайда, аяқ-киімің тар болған соң» реңкіндегі тақырыбын Амангелді Сейітхан талдайды.