«Ауыл- ел бесігі» ұлттық жоспары аясында Шығыс Қазақстанда ауқымды жобалар іске асып жатыр. Әсіресе, Көкпекті ауданындағы елді-мекендерге қомақты қаржы бөлініп, игі істер атқарылуда. Елді-мекендердің жолдары жаңадан төселіп, электр желілері мен ауыз су тартылуда. Тұрғын үйлер бой көтеріп, халықтың тұрақтауына барынша жағдай жасалып жатыр.
Көкпекті ауданындағы Самар ауылында ұлттық жоба шеңберінде бассейн салынып жатыр. Биыл сәуірде басталған құрылыстың 80 пайызы атқарылды. Бір дегенде 50 адамға дейін қабылдауға лайық нысан осы айдың аяғында тапсырылмақ.
Әлібек Нұғыманов, мердігер мекеме өкілі:Жұмысымыз жоспарға сай. Талаптардың барлығына сай салынып келе жатыр. Жоспар бойынша қараша айының аяғында халықтың игілігіне тапсырамыз.
Бұрын аудан орталығы болған Самар ауылының өзінде ғана 22 ірі жоба іске асырылып жатыр. 10 миллардқа жуық қаржы бөлінген. Әуелі көшелер жарықтандырылып, балалардың ойын алаңдары салынбақ. Жолдарды жөндеу де - басты шаруаның бірі. 11 шақырым су құбырлары жаңартылған. Ауыл тұрғындары атқарылып жатқан игі істерге дән риза.
Дәурен Мергеншинов, Самар ауылының тұрғыны:Үй салынып жатыр. Мінеки спорт кешендері бар. Мәдениет үйлері бар. Оқиымын десе лицей де бар, колледж де бар. Бұл адамдардың шығармашылық тұрғыдан, спорттық тұрғыдан дамуына зор үлесін қосып жатыр.
«Бір қабатты Шығыс» аталатын жоба аясында ауылда қос пәтерлі 5 үйдің құрылысы аяқталса, тағы он баспана тұрғызыла бастады. Оған жақын арада көпбалалы отбасылар мен аз қамтылғандар қоныстанады.