Сталинград шайқасына - 72 жыл
Сіз білесіз бе? 1942 жылы неміс әскері сәл болмағанда Қазақстанға баса-көктеп кірейін деп қалғанын?! Батыс Қазақстан дейтін өңірге фашист армиясы бар-жоғы 30-40 шақырым ғана жетпей тоқтаған. Иә, немістер Азияға да алқынып кіріп келер еді, тек алдынан кесе-көлденең кедергі болып Сталинград шаһары тұрмағанда.
Жау Еділдің ернеуіндегі қаланы басып, жаншып тастау үшін бар зәһарын төкті. Ұшқыны бізге де тиіп жатты. Нақты айтсақ, 1942 жылдың 3-қазанынан 11-қарашаға дейінгі аралықта неміс «мессерлері» Батыс Қазақстан облысының Шоңғай, Сайхын, Жәнібек елді мекендерін 761 рет бомбалады.
Аталған станциялардың үстінен бір мезетте 30 шақты жау ұшағы ұшып өтетін. Батыс Қазақстан соғыс жағдайына енгізілді.
Қазақстан мен Сталинградтың арасы тым жақын. Фашистердің біздің далаға өтіп кетуіне кедергі Сталинград майданы болды. Сол Сталинградты жауға бермеймін деп, жан алысып-жан беріскендердің көбі - қазақ, Қазақстаннан еді. Сөзіміз дәлелді болсын, қала түбінде қан кешкен 27, 72 және 73-ші, сондай-ақ, 292 және 387-ші атқыштар дивизиясы, 81-ші атты әскер дивизиясы Қазақстанда жасақталған еді. Софья Румянцева - сол көппен бірге қазақ жерінен алынып, майданда қан кешкендердің бірі.
Софья Румянцева, ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагері:
Мыңдаған абзал жігіттеріміздің жанкештілігі арқасында бүгінгі бейбіт заманда өмір сүріп, өркендеп отырмыз. Өйткені, қаһарман ұлдар мен қыздар қасықтай қаны қалғанша жаумен арпалысты, соғысты, бірақ тізе бүкпеді, ешқашан. Керісінше, келешек ұрпақтың ақ таңы үшін ақтық демі қалғанша көкірегін оққа тосты.
200 күн, 200 түнге созылған соғыс. Сталинград шайқасын әдебиетте осылай суреттейтіні бар. Иә, Еділдің бойындағы бұл қала үшін екі жақ жан алысып, жан берісті. Себебі, Сталинград соғыстың тағдырын шешетін еді.
Александр Колесников, ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагері:
Сталинград үшін болған шайқас Мәскеу соғысынан асып түспесе кем болған жоқ. Жаудың саны бізден 3-4 есе артық болды. Бірақ шегінуге болмайды. Артқа жалтақтағанды өзіміздікілер атып тастап жатты. Біздер кішкентай үйдің өзі жау қолына өтіп кетпес үшін жан бердік, жан алдық.Қиын соғыс болды.
Сталинград шайқасы - соғыс тарихына түбегейлі бетбұрыс әкелген шайқас. Сталинград қаласын басып алмақ болған немістің миллиондық армиясы ақырында тұтқынға беріліп тынды. Міне, осы шайқастан кейін, біздің аталарымыз қарсы жорыққа шықты. Әрі әр жорығы жеңіспен аяқталып жатты.
Нұрбек БЕКБАУ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 100 млн теңге көлемінде көмек көрсетіледі
24.09.2026, 23:11
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қаза тапқан әскерилердің отбасыларына қаржылай көмек көрсетеді
24.09.2026, 23:10
Құқықтық мәдениет – дамыған өркениет негізі
24.09.2026, 20:31
Азиада: Ел қоржынына 8 жүлде түсті
24.09.2026, 20:30
Алматы облысында суару жүйесі жаңартылады
24.09.2026, 20:26
Абай облысындағы Байбура асуына жылыту бекеті салынды
24.09.2026, 20:24
Петропавлда көпбейінді кешен салынып жатыр
24.09.2026, 20:19
Almaty SuperSki жобасы 2028 жылы іске қосылады
24.09.2026, 20:18