Нұр-Сұлтанда қазақ тілінде контент жасаушылардың V форумы өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтанда қазақ тілінде контент жасаушылардың V форумы өтіп жатыр

05.11.2021

Нұр-Сұлтанда қазақ тілінде контент жасаушылардың 5 форумы басталды. Апталықта қазақтілді интернет кеңістігінің бүгіні мен болашағы және жаңа трендтер талқыланады. АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі ұйытқы болған шараға журналистер мен белсенді блогерлер шақырылған. Олар халықаралық тәжірибеге сүйеніп, отандық медиа нарықтың даму бағытын айқындауға атсалысады. Форумның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мемлекеттік БАҚ-та қазақтілді контенттің үлесі 78 пайызға жеткенін мәлімдеді. Осыдан он жыл бұрын қазақтілді сайттар небәрі 6 ғана болса, соңғы екі жылда 46 сайт медиа кеңістікке жол тартқан. Министр тіл тазалығын сақтау мәселесі қашан да өзекті екеніне тоқталды.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Министрліктің қолдауымен елімізде алғаш рет «Сөзтүзер. Қате қолданыстар сөздігі» жинағы әзірленді. Аталған кітапта қате қолданылып жүрген 3,5 мыңнан астам сөз тіркестері анықталып, 2 мыңнан астам нақты мысал берілген. Қате сөз тіркестерінің дұрыс нұсқасы ұсынылған бұл оқу-әдістемелік құралы ұлттық баспасөздегі қазақ тілінің қолданысын бір жүйеге келтіруге септігін тигізеді деп сенемін.

Сессиядан кейін форум қатысушылары үшін отандық және шетелдік мамандардың шеберлік сабақтары өтеді. Сондай-ақ, қазақтілді контенттің өткені мен бүгінінен сыр шертетін «Қазнет тарихы» атты көрме ашылмақ.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу