Солтүстік Қазақстандағы Мамлютка қаласының тұрғындары жаңадан салынған жылу қазандығының игілігін көре алмай отыр.
8 жылға созылған құрылыс биыл жазда аяқталған болатын. Аудан әкімдігі бірнеше рет байқау жарияласа да, нысанды иелігіне алып, халыққа коммуналдық қызмет көрсететін компания табылмаған. Енді әкімдік қызметкерлері қазандықты өздері жағуға мәжүр. Ал құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер тапсырыс берушіден келісілген қаражатын ала алмай жүр.
Евгений Лебедько, мердігер:
Нысанды өз балансына алатын ешкім жоқ. Әкімдік қызметкерлерінің қазандықты жағуы – қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Мұнда арнайы лицензиясы бар адамдар ғана жұмыс істеуі тиіс. Мен электрондық акт жолдағаныммен, әкімдік ақшамды төлеген жоқ. Жуырда қарыз өтелмесе, сотқа беремін.
Қазандықтың құрылысын аяқтап, қажетті қондырғыларды орнатуға 40 млн теңге бөлінген. Оған бірінші кезекте аудан әкімдігінің екі ғимараты, мектеп пен салынып жатқан көпқабатты үй қосылуы тиіс еді. Қазір бірі пеш жақса, екіншілері электр құрылғылардың көмегімен жылынуға мәжбүр.
Владислав Лукин, Мамлют ауданының әкімі:
Байқау өткенше, қазандықты өзіміз жағу жөнінде шешім қабылдадық. Отынды да әкімдік күшімен сатып алып отырмыз. Орталық қазандыққа ешқандай нысан қосылған жоқ. Бәрі бұрынғы жылыту жүйесімен отыр. Онда жұмыс істеп жүргендерді мәжбүрлеген ешкім жоқ, өздері келісті. Еңбекке қосымша ақы төленеді.