Жамбыл облысында жүзден астам елдімекенде көгілдір отын жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жүзден астам елдімекенде көгілдір отын жоқ

04.11.2021

Жамбыл облысында жүзден астам елдімекенде көгілдір отын жоқ. Бірнеше ауылға биылдан қалмай газ жеткізіледі дегенмен, жоба аяқсыз қалды. Ал жергілікті билік қаражат тапшы деп қол қусырып отыр. Шалғайдағы ауыл тұрғындарымен кездескен аймақтағы әріптесім Нұрдос Сембектің бейнематериалы.

Нұрдос Сембек, тілші:

Жылдың басында жергілікті билік Жамбыл облысы Жамбыл ауданы бойынша 10 ауылға көгілдір отын тартылады деп айтқан болатын. Солардың бірі - біз тұрған Өрнек ауылы. Қазір мұнда газ тарту жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар құбырды үйге дейін тартып алғанымен, көгілдір отын іске қосылмаған.

Өрнекте 800-ден астам түтін бар. Ауыл тұрғындарының көгілдір отынды күткеніне ширек ғасыр болды. Биыл газ келеді дегенге сенген жұрт кемі 120 мың теңге төлеп, құбырды үйіне дейін тарттырып алған.

Азамат Нарқұлов, ауыл тұрғыны: 

Ешкімді күттірудің қажеті жоқ. Бар ма, бере салсын. Қалғандары шетінен қосылады. Мен, мысалы, көмір аламын ба, газ қосыла ма, білмей отырмын. Биыл газ келмейді дейді.

Қыс түскенде көмір қат. Алыпсатарлар қатты отынның бағасын қымбаттатып жіберген. Бегалы ақсақал бір қыста 150-200 мың теңгеге тек көмір сатып аламыз дейді. Мұндай ақшаға отын ала алмайтындар да бар.

Бегалы Майнашұлы, ауыл тұрғыны:

Мен көмірді арзандау кезінде алдым қайта, қазір 25 мың болып кетті, көмір ала алмай отырғандар қаншама?!

Қазір аудандағы 42 елдімекеннің 16-сында газ жоқ. Бұл ауылдарға респбуликалық бюджеттен 3 млрдтан астам қаржы бөлініп, құрылыс басталғанымен, іс бітпеген.

Марлен Қожақов, облыстық Энергетика және тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы:

Мұндай ірі жобаларды республикалық бюджеттен бірнеше жылға бөлу арқылы қаржы қарастырылады. Аталған жоба бойынша Жамбыл ауданындағы елдімекендерге келесі жылы ғана газ беріледі.

Жалпы аймақтағы 371 елдімекеннің қазір 237-сінде көгілдір отын бар. Қалған 100-ден астам ауылдың мәселесі қаражатқа байланысты кезең-кезеңімен шешілмек. 

Нұрдос Сембек

Хабарламаларға жазылу