Елорда іргесіндегі Қараөткел ауылының тұрғындары жол азабын тартып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда іргесіндегі Қараөткел ауылының тұрғындары жол азабын тартып келеді

04.11.2021

Бір шеті Нұр-Сұлтан қаласына тиіп тұрған Қараөткел ауылында жол, су, қоғамдық көлік мәселесі қиын. Жұрт базынасын билікке жыл сайын жеткізеді. Бірақ проблема жылдар бойы шешілмей келеді.

Жол - Қараөткел халқы үшін жыр болған тақырып. Жаңбыр жауса, жас та, жасамыс та ми батпақ кешіп жүреді. Әбден мезі болған соң тұрғындар ақша жинап, біраз жолды өздері жөндеген. Бірақ бүгінде сол көшелердің астаң-кестеңі шығып жатыр.

Қайрат Мұқалиев,  Қараөткел ауылының тұрғыны:

Арты 40 мыңнан, алды 60 мың теңгеден жинап, «КАМАЗ» жалдап, топырақ төктік. Оны биыл бұзып, орнына жол саламыз деп бастады. Жолды тереңдетіп, 1 метрге дейін қазып тастады да, сол күйінде қалды.

Қараөткел ішіндегі жолдардың жалпы ұзындығы - 57 шақырым. Оларды күрделі жөндеуден өткізуге биыл бюджеттен 970 миллион теңге бөлінген. Бірақ мердігер 1,5 миллиард теңгенің жұмысын істепті. Соның өзінде тамыз айында ғана басталған жұмыс аяқсыз қалды дейді тұрғындар.

Арман Жұмағұлов, Целиноград аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Былай қарасақ, біз биылға бөлінген ақшаны баяғыда 100 пайыз игеріп қойдық. Жолдарды жасап қойдық. Қазір мердігер өз қаражатымен жұмыс істеп жатыр. Тоқтату жөнінде жоспары жоқ, тек ауа райы кедергі келтіруде. Биыл үлгермесек, келе жылдың басында аяқтаймыз.

Бүгінде мердігер алдындағы берешек жарты миллиард теңгеден асып кеткен. Оны төлеу үшін жоғары жаққа тағы да бюджеттік өтінім жолданыпты. Ол ақша қашан берілетіні әзірге белгісіз. Тұрғындардың айтуынша, қаражат мәселесі шешілмеген соң жол жөндеу жұмысы да бәсеңдеп қалды. Қазір ауыл ішінде 1 ғана трактор жүр.

Берік Көшербай, тілші:

Кейбір көшенің ортасында құрылыс материалдары тау болып үйіліп жатыр. Мысалы, мына жерге  тасты  әлі күнге дейін төсемеген. Сондықтан осы маңдағы тұрғындар ауласына көлікпен кіріп-шыға алмай қалған.

Ресми түрде Қараөткелде 10 мың адам тіркелген. Ал шын мәнінде мұнда 40 мыңға жуық халық тұрады дейді ауыл белсенділері. Олардың 90 пайызы елордада жұмыс істейді. Жеке көлігі жоқтарды қоғамдық көлік мәселесі де қажытып жіберген.

Үмітжан Смайлқызы, Қараөткел ауылының тұрғыны:

15 жылдан бері автобус жоқ. Такси де, машина да тоқтамайды. Қыста балаларға қиын.

Қараөткел - Ақмола облысына қарағанымен, Елорданың дәл іргесінде тұр. Дегенмен мұнда әлі күнге дейін ауыз су мәселесі де шешілмеген.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу