Кәсіпкерлік қызмет саласына қатысты заң екінші оқылымға қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлік қызмет саласына қатысты заң екінші оқылымға қалды

03.11.2021

Талап қоймас бұрын соған сай болу керек. Ұлттық экономика министрі интернетпен толық қамтылмаған елде құжаттарды электронды түрде өткізуді ұсынды. Мәселе кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеу саясаты заңына байланысты болып отыр. Құажатқа көңілі толмаған депутаттар екінші оқылымға дейін түзетуді тапсырды.

Кәсіпкерлер есеп-қисабын 2023 жылдан бастап тек электронды түрде жүргізу керек. Бұл ұлттық экономика министрлігінің ұсынысы. Бірақ, интернет іздеп тентіреп кету былай тұрсын, ондай нұсқаны түсінбейтіндері де жетерлік. Кенжекей Көптілеуова ол үшін алдымен әзірлік жасалуы қажет деп санайды.

Кенжекей Көптілеуова, кәсіпкер:
Біреуінде электронды түрде істей алады, біреуі істей алмайды. Электронды түрде біз білмегеннен кейін 1-2 сан қате кеткен жағдайда пения болып, штраф салуы мүмкін. Сондықтан біз жазбаша түрде қалғанын қалаймыз.

Ауыл тұрғындары интернет аулап жүр. 768 елдімекендегі ғаламтордың жылдамдығы тасбақаның жүрісіндей. Ал, 1 мың 200-дей ауылға желі тіпті тартылмаған. Жағдай 2025 жылға қарай жақсармақ. Депутаттар заң жобасының шикілігін байқап, мәжіліс төрағасы да мәселеге шүйлікті.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Сіздер интернет сапасын жақсартпай, цифрлық құжатпен жұмыс істеуді үйретпей тұрып кәсіпкерлерге күні бұрын талап қоясыздар. Ақпараттық реттеу құралдарының ережелерін сақтамағаны үшін деп салалық заңдарда жауапкершілік жүктегенсіздер. Демек алдымен өздеріңізді солай міндеттеу керек. 2023 жыл 1 қаңтарға дейін 100% сапалы интернетпен қамтып алыңыздар. Міне, мұны серіктестік деуге болар еді.

Сондықтан депутаттар құжатты қағаз және электронды нұсқада өткізуді құптады. Бұған ұлттық кәсіпкерлер палатасы жан ұшырып, араша түсуі керектін. Бірақ, әр органға бір жалтақтап қалды деген сын естіді.

 Ербол Үстеміров, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:
Біз Үкімет алдына шығардық. Ол жерде цифрлық даму министрлігі тарапынан біздің инфраструктура дайын емес, 2023-тен 2025 жылға өзгертейік деген ескерту болмағандықтан заң жобасына 23 жыл деп енгізілген. СКЛ 01:52 Депутаттардың ескертпелерін ескеріп, цифрлық түрде өткізу мерзімін шектеу керек дегенді біз қолдаймыз.

Ал, ұлттық экономика министрі болса аң-таң. Заң жобасын даярлауда ала-құлалық байқамадым, құзырлы органдар бірауыздан құптаған дейді.

Әсет Ерғалиев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Қазір мен офиске қайтқанда Бағдат Мусинмен, тағы басқа әріптестермен, НПП «Атамекенмен» сөйлесіп, біз осы мәселені шешеміз.

Құжатты Сенатқа дейін сүзгіден тағы бір өткізу керек. Яғни заң жобасы екінші оқылымға қалды.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу