Ақтөбеде 250 жеделсатыны ауыстыру қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде 250 жеделсатыны ауыстыру қажет

03.11.2021

Ақтөбеде 250 жеделсатыны ауыстыру қажет. Биыл бар болғаны онға жуығы ғана жаңартылған. Ал, әкімдік жыл басында шет елден инвесторлар тартып, лифт құрастыратын кәсіпорын салынады деген болатын. Бірақ зауыттан хабар жоқ. Мәселе қалай шешілмек? Әріптесім Жақсыбек Кемал анықтады.

Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл үйдің салынғанына 40 жылға жуық уақыт болған. Содан бері жеделсатысы да жөндеу көрмеген. Ал, соңғы жарты жылдан бері тұрғындар жоғарғы қабаттарға жаяу көтеріліп шығуға мәжбүр.

Қаланың қақ ортасында орналасқан он қабатты бұл үйдің тұрғындары соңғы 5-6 жылдан бері қиындық көріп келеді. Әсіресе, жоғарғықабатта тұратын қарттар мен балаларға ауыр.

Естеріңізде болса, Ақтөбеде осыдан үш жарым жыл бұрын жергілікті телеарнада жұмыс істейтін журналист жеделсаты есігіне қысылып қалып, мерт болған еді. Сол кезде жергілікті билік жеделсатыларды тегіс ауыстырамыз деген,алайда уәде орындалмады.

Ханшайым Серкебаева, қала тұрғыны:
Тоғызыншы этажда тұрам .Күніне 3-4 рет кіріп-шығу қиын.
Бұлан Рахметова, қала тұрғыны:
Алдында немерелерімқайта-қайта лифтіде қалып қойды. Көршілер құтқарып алды, есігін итеріп ашып. Одан кейін биылдыққа жасамай қалды.

Ақтөбедегі көп қабатты үйлерде мыңға жуық жеделсаты бар. Оның үш жүзге жуығы әбден тозған. Әкімдік олардың бәрін бірдей ауыстыру мүмкін емес дейді. Алайда, қазір мемлекеттік бағдарлама арқылы жаңа қондырғылар орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Беларусь елінен әкелінетін бір лифтінің құны - 9 миллион теңге. Оны тұрғындар 7 жыл ішінде қайтаруы тиіс.

Бұған дейін әкімдік Ақтөбеден жеделсаты құрастыратын зауыт тұрғызылатынын айтқан болатын. Алайда, ол келіссөз күйінде ғана қалды. Еңқызығы, ол зауыт салынған күннің өзінде отандық қондырғының құны шет елден келетін лифтіден арзан болмайды екен.

Жандос Өтеулин, «Ақтөбе индустриалды аймағы» басқарушы компаниясының директоры:
 2021 жылы бұл келісім бұзылды. Инвестордың қаржылық жетіспеуіне байланысты.

Қалада жүзден аса жеделсатыны жаңарту көзделген. Алайда, барлық қондырғылардың қашан және қалай ауыстырылатыны белгісіз.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу