Қарағанды облысында ауыл тұрғындары жайылым жерден тарығып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында ауыл тұрғындары жайылым жерден тарығып отыр

02.11.2021

Автобанның үстінен төрт түлікті өткізуге тыйым салынды. Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылының тұрғындары алақандай жайылым жерге мал жая алмай қиналып отыр. Себебі, асфальтқа аяқ басқан мал үшін иесі айыппұл төлейді. Ол аз болғандай маңайдағы жердің барлығы жекенің қолына өтіп кеткен дейді тұрғындар. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Жайылым таппай отырған жұртқа ауылды айналдыра салынған автобан нағыз бейнет болды. Аңғал-саңғал жатқан қоршаудан жолға мал шықпасын деп құқай көрсететіндер көбейген. Жергілікті билік мәселенің байыбына бармай бір апта бұрын мал қамайтын арнайы орын жасапты. Енді асфальтқа аяқ басқан малды сонда тоғытып, иесіне 9 мың теңгеден бастап айыппұл салуда.

Рыскүл Байтүкова, Үштөбе ауылының тұрғыны:
 Біздің сұрайтынымыз сол анау қоршауын дұрыс тартып берсін. Одан кейін мал ол жаққа барса онда біз кінәлі боламыз.

Жергілікті билік мәселені айтып «ҚазАвтожол» мекемесіне бірнеше мәрте хат жолдапты. Әзірге жауап жоқ. Жайылымнан таршылық көрген жұрт ауыл маңындағы шұрайлы жердің бәрі жекенің меншігіне өтіп кеткеніне өкпелі.

 Бауыржан Сүлейменов, Үштөбе ауылының тұрғыны:
Арнайы мониторинг жасалмаған. Мысалы үшін екі шақырым, үш шақырым жердегі жер телімдері ірі кәсіпкерлердің қолына өтіпк еткен. Міне үш шақырым жерде қыстақ салып алған. Оның 1500 бас жылқысы мен қойы шыққан кезде мына ауылдың малына деген жайылым аяғының астында қалады.

Үштөбе ауылдық округі бойынша барлығы 3 мың гектар жайылымдық жер бар. Бірақ ауылдағы төрт түліктің санын ескерсе тағы екі есе жер керек. Ал, мыңға жуық ірілі-ұсақты мал ұстап отырған жұрт ауыл іргесіндегі ұлтарақтай жерді місе тұтуға мәжбүр.

Саят Шаяхов, Үштөбе ауылдық округінің әкімі:
Кезінде жер кодексіне сай бірталай жерлер жеке шаруа қожалықтарының телімдеріне өтіп кеткен. Біз өз тарапымыздан аудандық комиссияға ұсыныс жолдаймыз. Өйткені жерді алып алатын ондай функциямыз жоқ. Жер комиссиясы қарастырып, кімде артық жер оларды ала алады. Одан кейін халыққа бөліп береміз.

Кезінде беймарал тірлік кешіп берекесі тасыған тұрғындар ет пен сүтті іргедегі Қарағандыға апарып өткізетін. Алайда қазір пайда таппақ түгілі малға азық таппай керісінше шығынға баттық деп налиды.


Хабарламаларға жазылу