Басты Жаңалықтар ЕХРО-2020 көрмесінде Қазақстан павильонына сұраныс жоғары

ЕХРО-2020 көрмесінде Қазақстан павильонына сұраныс жоғары

ЭКСПО-2020 көрмесі арқылы Қазақстанға жан-жақтан инвестиция тартылмақ. 6 ай ішінде бірнеше іскерлік кездесу жоспарланып отыр. Оның үстіне Дубайда өтіп жатқан әлемдік шарада біздің ұлттық павильонға қызығатындар өте көп. Асима Нұрбайқызы көріп қайтты.

Адамзат дамуын тұтас көрсететін ең ірі алаң осы. Бұған қазір жер-жаһан көз тігіп отыр. Өйткені тап осы жерде әлемнің бүкіл ақпараттық һәм технологиялық жетістіктері таныстырылады. Болашаққа саяхат іспетті.

Көрмеге 192 ел қатысып жатыр. Яғни, келушілерге таңдау көп. Тек, таңдай қақтыра алсаң болды. Қазақстанның павильоны еріксіз елең еткізеді. Ұлттық аспаптың үніне құлақ түріп, тамсанған жұрттың қарасы көп.

Бірақ негізгі мақсат бұл емес. Технология тез дамып жатқан ұлы көшке біздің қосар үлесімізді көрсету. Оған ұсынар идея аз емес. Үш қабаттан тұратын павильонда Қазақстанның өткені мен бүгіні және болашаққа ұмтылысы көрсетілген. Табиғи ресурс, мәдени байлық, адам капиталы, туристік, технологиялық, инвестициялық мүмкіндіктердің бәрі бар. Инновациялық технологиясыз жаһандық үдерістерге ілесу мүмкін емес. Мұны қазір бүкіл әлем біледі. Қазақстан да осы бағытқа бет бұрды.

ндігі белестің бейнесі бұл. Кәдімгі адамның санасы сияқты әртүрлі функцияларды атқара алуы тиіс. Яғни, цифрлы технологияны қолдану арқылы күрделі механизмдерді жасанды жолмен еңсеру.

Бибігүл Жұмағұлова, Ұлттық павильон қызметкері:
Қазақстан павильоны ең көп келетіндердің біріне жатады. Мысалы адамдар болашақта космосқа ұша ала ма немесе табиғатты қалай сақтауға болатыны жөнінде сұрақтарды өзі құрастырады да өзі жауап береді.

Дубайдағы ЭКСПО аумағында Қазақстан павильоны ең үлкен нысандардың бірі. Әрі әлемнің алпауыт елдерімен іргелес орналасқан.

Дәулет Еркімбаев, Qazexpocongress ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
Қазақстан - АҚШ, Қытай, Жапония сынды алпауыттармен қатар тұр. Біздің павильонға қызығушылық танытып жатқандар өте көп. Күніне орта есеппен 7-8 мың адам кіріп шығады. Біз ауқымды іскерлік бағдарлама да дайындадық. Алда Қазақстанның Ұлттық күні бар. Соның аясында сауда инвестициялық форум өткіземіз. Осылайша елге инвесторларды тартуға мейлінше жағдай жасаймыз.

ЕХРО-2020 былтыр өтуі тиіс еді. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты шараның мерзімі бір жылға шегерілді. Жалпы, бұл - әлемге танымал көрме. Әр 5 жыл сайын ұйымдастырылады. Дубайдағы шараның ерекшелігі көп. Соның бірі көрмеге Израиль алғаш рет қатысып жатыр.

Асима Нұрбайқызы, тілші:
Таяу Шығыс аймағында ұйымдастырылып отырған бұл тұңғыш дүниежүзілік көрме. Алты айға жалғасады. Келер жылдың наурыз айының аяғында бірақ аяқталмақ. Осы аралықта көрмені 25 млн адам тамашалайды деп жоспарланып отыр.

Асима Нұрбайқызы

Бөлісу