Шолаққорған ауылында балабақша тәрбиешілері жалақыларын түгел ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шолаққорған ауылында балабақша тәрбиешілері жалақыларын түгел ала алмай жүр

02.11.2021

Түркістан облысы Шолаққорған ауылында мемлекеттік балабақша тәрбиешілері бір жылдан бері жалақыларын толық ала алмай жүр. Қаржының аздығын алға тартқан мекеме бухгалтериясы мен білім бөлімі оларға тиесілі ақшаның тек 75 пайызын ғана беріп келеді. Ал науқастанып қалған уақыттағы жалақылары мүлдем сақталмайтын көрінеді.

Гүлданыс Тұрғынбаева ай сайын жалақысының 30 мың теңгесін кем алып келеді. Оның себебін ешкім айтып бергісі жоқ. 19 жылдан бері тәрбиеші болып жұмыс істеп келе жатқан жоғары санатты маман жалақысын даулап бармаған жері қалмады.
Гүлданыс Тұрғынбаева, балабақша тәрбиешісі:
 Әкімдікке барғанбыз алдында, олар да дұрыс жауап бермейді. Білмеймін бір-бірінің сөзін сөйлейді.Білім бөліміне барып айлығымды есептеткем, сөйтсем осылардың ақшасын айтып отыр. Бір-біріне сілтейді. Не дейсің? Білгенін істеп отыр. Біздің айтқанымызды мойындамайды.
«Ер Төстік» балабақшасында жұмыс істеп жатқан 70-ке жуық қызметкердің осылай табысын түгендей алмай жүргеніне жылға жуықтады. Ең сорақысы науқастанып қалса да, сүйретіліп жұмысқа келуге мәжбүр. Әйтпесе жалақысы тағы кемиді.
Ақмарал Мырзалиева, балабақша тәрбиешісі:
Түбіртегімді шығарып алдым. Болды. Қайда барып есептетесің, өзің біл дейді.
Жалақының жетіспеуіне балабақша меңгерушісі мамандардың біліктілігі мен қызмет өтілі себеп деп отыр. Бірақ оны жыл басында неге ескермегенін түсіндіріп бере алмады.
Гүлмира Сағындықова, балабақша меңгерушісі:
Тәрбиешілердің стажы көп және санаты жоғары болғандықтан біздің қаржымыз жетпеді.Тарификацияны 75-пен бекітіп сонымен төлеп отырмыз.
Аудандық білім бөлімі бұл жәйттан мүлдем хабарсыз.
Мамырхан Әбдиев, Созақ ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы:
 Бізге жазбаша шағым келген жоқ. Егер әкімшілік процесуалдыдық кодекс бойынша шағым түссе жұмыс істеп, жауап беруге әзірміз.
Балабақша шығындары үшін жыл басында қазынадан 108 милион теңгеге жуық қаржы бөлінген.Енді оның дұрыс жұмсалуын білім бөлімі мамандары тексеріп көрмек. Нәтижесі он күннен кейін белгілі болады.

Хабарламаларға жазылу