Ақтөбеде қоқыс шығару мәселесі шешілмей тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде қоқыс шығару мәселесі шешілмей тұр

02.11.2021

Ақтөбеде қоқыс мәселесі күн тәртібінен түсер емес. Бұл жолы тұрғындар контейнерлердің ыңғайсыз жерге орналастырылып жатқанына наразы. Яғни қоқыс алаңы коммуникация желілеріне тым жақын орналасқан. Әрі ол жерлерге кіріп-шығу оңай емес. Мәселен, Қобыландин көшесіндегі үйдің тұрғындары қоқыс толы контейнерлерді біреулер жиі өртеп кететінін айтады. Ол газ құбырына тым жақын орналасқандықтан, өрт болуы әбден мүмкін. Бұған дейін қоқыс алаңы басқа жерге көшірілген, алайда әкімдік қауіпті аймаққа қайта орналастырмақ.

Қыдырбек Әлтаев, тұрғын:

Мына жерге қайтадан саламыз, контейнерлерді қоямыз, санын көбейтеміз дейді. Бұл жерде тек үйл емес, дүкендер бар, бәрі қоқыстарын әкеледі. Мына жерден қыс бойы, жаз бойы өте алмаймыз. Жел тұрғанда қоқысты осы жерге жинап кетеді.

Ал жергілікті билік біздің шешіміміз заңды дейді. Яғни қоқыс контейнерлері бұрынғы орнына қайта қойылады. Қазір сметалық құжаттары реттеліп жатыр. Тұрғындар тұрмыстық қалдықтардың уақытында алынбайтынын да айтып шағымданған. Алайда әкімдік өкілдері оған мардымды жауап бере алмады.

Аманбек Шалғынбаев, Алматы аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Бос орынның болмауына байланысты ондайды қабылдай аламыз. Қоқыс алаңы құрылысқа жатпайды. Орнату, авария болған жағдайда бұзып алынатын нәрсе.


Хабарламаларға жазылу