12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдерге және емізулі баласы бар аналарды вакцинациялау шаралары осы айдың соңында басталады. Қазір Pfizer екпесін елге жеткізу мәселесі реттелуде. Вакцинациялау кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Алдымен 16-18 жастағы жасөспрімдерге салынады. Кейін одан төмен жастағы балаларға егу жоспарланған.
Екпе салдырмас бұрын ең әуелі ата-аналардың жазбаша түрде рұқсаты керек. Тек содан кейін ғана балалар дәрігердің қабылдауынан өтеді. Денсаулығында қарсы көрсетілім болмаса, екпе салынады. Балаларға бектіліген сұйықтық мөлшері – 0.3 мл. Мамандардың сөзінше, бір флакон 6 балаға салуға жетеді. Сондай-ақ жүктілік мерзімі он алты аптадан асқан болашақ аналар мен емізулі сәби бар аналардың екпе салдыруына мүмкіндік бар. Екпе егу ерікті түрде жүргізіледі.
Жұмабек Бекенов, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы инфекциялық ауруларды алдын-алу департаментінің директоры:
Мен де ата-анамын, біріншіден. Екіншіден, дәрігер. Сіз мына аурудың өте қатаң өтетінін қараңыз. Вакцинадан ондай реакция болмайды. Тері қызарады. Сіз соған шыдасаңыз, балаңыздың қиналған түрін көрмейсіз. Балаңыздың денсаулығы - сіздің денсаулығыңыз. Оған қарсы тұрмасаңыз, біз ауруды жеңе алмаймыз.