Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумында айтқандарынан екі цитата.
Біріншісі: «Siemens» компаниясының бағалауы бойынша, отандық өнеркәсіптік кәсіпорындардың 80 пайызында автоматтандыру деңгейі өте төмен, яғни Индустрия 2.0 деңгейінде. Естеріңізге сала кетейін, біз Индустрия 4.0 дәуірінде өмір сүріп жатырмыз.
Екінші цитата: - Біз үнемі Қазақстанның аумағы жүз пайызға жуық интернетпен қамтылды деп айтып жүрміз. Кәнеки мәселенің басын ашып алайық, осы іс жүзінде расталған ақпарат па, жоқ па? Немесе ойымыздағыны шындық деп санаймыз ба?
Енді қысқа ғана мәлімет: Төртінші өнеркәсіптік революция (Индустрия 4.0 деп аталады) өнеркәсіпке жаңа ақпараттық технологияларды кіргізу, бизнес-жобаларды ауқымды автоматтандыру, жасанды интеллектіні енгізу. Әрине, бұл жалпы ақпар. Тарау-тарау болып кететін күрделі тақырып.
Мысалы, «жаңа мұнай» аталатын Big Data-ның өзі неге тұрады. Big Data деген не? Тағы да қысқа қайырсақ, мәліметтер күннен күнге көбейіп жатыр. Мемлекеттік басқару, өнеркәсіп, медицина, әлеуметтік желілер, банктер, ритейл сияқты салаларда тәулігіне өте көп информация шығады. Әдеттегі бағдарламалық қамтамасыз ету мұндай көлемдегі ақпарларды талдай алмайды. Сондықтан онымен машиналық оқу айналысады. Ал көлемді мәліметтерге анализ жасаудың жаңа мүмкіндіктері тіршіліктің бүкіл саласына ықпал етеді. Жақсартуға яғни.
Әлеуметтік жәрдемақы тағайындауда қателіктер кететін, өндірісте қарапайым ережелердің сақталмауынан адамдар опат болатын, тұрмыстық қалдықты сорттай алмай отырған, логикаға сыйымсыз талаптар қойылатын, тағысын тағы, мемлекетте өнеркәсіптік революцияның ғажайыптарын айтудың өзі біртүрлі. Ал интернетпен қамтуға келсек, Президент айтпақшы, «ойымыздағыны шындық» деп жүрміз-ау. Әріптесім Альбина Әшім жалғастырады.