Оңтүстік өңірдегі бірнеше облыс пен Шымкент қаласының тұрғындары көзін емдету үшін енді шетелге немесе Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына сабылмайтын болды. Бүгін Шымкентте замануи ең озық құралдармен жабыдықталған көз аурулары клиникасы ашылды. Мұнда ем-дом шараларынан бөлек, ең күрделі деген 22 түрлі операция жасалады.
Клиника негізі екі бөлімнен тұрады. Оның бірі лазерлеу, екіншісі консультативті-диагностикалық бөлім. Тәуліктік және күндізгі стационарды қоса есептегенде клиникада науқастар үшін 40-қа жуық төсек орын бар.
Клиникада ем алуға алғаш келгендердің бірі Әбдісадық Жайлауов. Жасы 70-ке таяған қарияның оң көзін шел басып, былтыр операция жасатқан. Енді екінші көзі де суқараңғы болып, алдындағысын дұрыс ажырата алмай жүр. Клиника дәрігерлері науқасты тексеріп, көзге опреция жасайтын болып шешті.
Әбдісадық Жайлауов, қала тұрғыны:Менің таң қалғаным көзді тексеріп көріп жатыр ондай аппаратты көрген емеспін. Қазақстанда бірінші рет көріп жатырмын. Демек мұндағылар білікті маман. Операцияны өте тез және таза жасайды.
Клиникада қарашықтың торын қалпына келтіру, лазермен күшейту, диагонстика, кеңес берумен қатар 22 түрлі операция жасалады. Оның ішінде сусамыр дертінің әсерінен көзде болатын түрлі асқынулар, көздің сезімтал ішкі қабығының қыртыстануы секілді ауруларды емдейді. Сондай-ақ шымкенттік офтальмологтар витреоретиналды хирургия әдісін де алғаш рет қолданғалы отыр.
Рүстем Ботабеков, көз аурулары клиникасының бас дәрігері:Витреоретиналды хирургия деген пайда болды Шымкентте. Ол өте қиын көз ауруларының отасы саналады. Онан кейін қант диабеті кезінде көзге қан құйылады. Біз оған ота жасап қанды алып тастаймыз. Біз мұны дамытып, ары қарай да жасаймыз.
Клиникада жоғары білікті 21 дәрігер жұмыс істейді. Енді олардың қатысуымен көз ауруларына шалдыққан науқастар мен зағиптарға жылына 4 мыңнан астам оперция жасалмақ.
Ғани Қалмаханов