Бүйрек ауруына шалдыққандар саны артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүйрек ауруына шалдыққандар саны артып келеді

29.10.2021

Бүйрек ауруымен ауратындарға дәрі жетпей жатыр! Депутаттар мұндай науқастарға мемлекеттен тегін берілетін препараттардың тізімін кеңейту керек деп отыр. Өйткені бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққандар көбейіп келеді. Дамыған елдерге қарағанда аурудың таралуы елімізде екі есе көп. Ал дерті дендегендер гемодиализ орталықтарына барып, арнайы аппараттың көмегімен қанын тазартып тұруға мәжбүр.
Қабдрахман Әбікеновтің үш жыл бұрын қос бүйрегі сыр берген. 92-дегі қария содан бері гемодиализге тәуелді. Орталыққа келіп қанын тазартып тұрады.
Қабдрахман Әбікенов, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Мен аптасына үш рет келемін. 4 сағаттан 2 литр қояды. Аппараттың көмегімен қазір жағдайым жақсы.
Елімізде Қабдрахман қария секілді ауруы асқынып, диализге тәуелді болған 6 мыңнан астам адам бар. Әрі олар көбейіп жатыр. Науқастардың бар үміті донарда. Бірақ дайын тұрған ағза жоқ.
Ерік Смайылов, орталық меңгерушісі:
Донарлар өте аз. Көбінесе ол туған туыстары, әке-шешесі, қарындас, ағалары беріп жатады. Бөгде донарлар келіп қалуы мүмкін ол өте сирек. Яғни қайтыс болған донарлар.
Сондықтан донар табылғанша науқастардың «бүйрегі» осы құрылғы. Аптасына екі-үш рет орталыққа келіп диализ жасатады. Аппарат арқылы сүзілген қан, төрт сағатта тазарады.
 Салахидин Абдырахманов, дәрігер:
 Бұл науқастан қанды мембрана арқылы алып, мына жерден фильтрден өткізеді. Оның ішінде бүкіл элемент: шлактар, зиянды қалдықтар бәрі сүзіліп алынады да, қайтадан науқастың өзіне қан құйылып беріледі.
Созылмалы дертке шалдыққандардың мәселесі жақында парламентте де көтерілген еді. Депутаттардың айтуынша бүйрек аурымен ауратындар саны бізде өзгелерге қарағанда екі есе тез өсіп жатыр. Өлім де жиілеп кеткен. Айтуынша бұған дәрі тапшылығы себеп.
Вакиль Нәбиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мемлекеттен дәрі алатын науқастар бізге көп шағымданады. Бәрінің айтатыны бір. Тегін берілуі тиіс препараттарды азайтып тастаған. Дәрі жетпейді дейді. Ауру асқынып тұрған кезде бұл қалай? Меніңше созылмалы бүйрек ауыруына шалдыққандарға керісінше тегін берілетін дәрілердің тізімін арттыру керек.
Дәрігерлер де ұсынысты қолдап отыр. Өйткені бұл аурудың тез асқынуын азайтып, диализге бару уақытын ұзартуға сеп. Десе де депутаттардың ұсынысы қатысты Денсаулық сақтау министрлігі әзірге жауап қатқан жоқ.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу