Мұрағат ісінде ағаттықтар көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұрағат ісінде ағаттықтар көп

30.01.2014
Мұрағат ісінде ағаттықтар көп

Семейде негізі 1920 жылы қаланған мұрағат бар. Әлеуметтік, құқықтық маңызы зор мекемеде ел тарихына қатысты талай құнды деректер сақтаулы. Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы жыл санап жаңа дүниелермен толығып, қоры ұлғайып барады. Сондықтан құнды деректерді талапқа сай сақтайтын орын тапшы болып отыр.

 
Семейдегі қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының ғимараты 30 жыл бұрын қолданысқа берілген. Онда 1917 жылдан бергі тарихи маңызы зор деректер қаттаулы. Уақыт өткен сайын сақтауды қажет ететін құжаттар көбейіп, ғимарат қоймаларына сыймай барады.
 
Лаура Қадырова, Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының құжаттарды пайдалану бөлімі меңгерушісі:
Әрбір мекемеден құжаттар жыл сайын тұрақты сақтауға еніп жатады. Бірақ оның барлығын сақтауға біздің мекеменің құзыры жете бермейді. Өйткені құжаттар өте көп, сақтау орны аз.
 
Өзекті болған өзге түйткілдер де жетеді. Ғимаратта ескі құжаттарды жоғары қабаттарға тасуға арналаған жеделсатылар тозған. Қолданылатын кейбір құралдардың өзін, тарихи жәдігер қатарына жатқызуға болады. Температурасы төмен суық қоймаларда, ғасырлар бойы шаң басып жатқан құжаттармен жұмыс істеу, денсаулыққа зиян. Оның үстіне қиындығы көп қызметте жүрген мамандардың жалақысы да мардымсыз.
 
Лаура Қадырова, Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының құжаттарды пайдалану бөлімі меңгерушісі:
 Егерде оның орта білімі болса 25 мың теңге. Еңбек өтіліне байланысты, жоғары білім болса, еңбек стажы аз болса 40 мың, 45 мың және 50 мың теңге.
 
Қазір Шығыс Қазақстан бойынша электронды мұрағат құру қолға алына бастаған. Алғаш болып көне құжатардың электрондық нұсқасы жасалып жатыр. Мамандар біраз жылдан соң еліміз бойынша жалпыға бірдей электрондық мұрағатқа қол жеткіземіз деп отыр.
 
Мәдина Құрманғалиева, ақпараттық бөлім меңгерушісі:
Ол бойынша кез келген азамат, кез келген мұрағаттан өзіне қажет ақпаратты ала алады. Заңнамалар жасалуда, белгілі бір шектеулер болады. Бірақ мүмкіндігі толықтай болады.
 
Мұрағаттағы құжаттарының тек 1 пайызын электрондық базаға енгізу үшін 7 жыл уақыт кеткен. Жұмыстың баяу жүруіне штат жетіспеушілігі де әсер етуде. Мекемеде еңбек ететіндердің жалпы саны 50 адам. Ал талапқа сай, тек мұрағат мамандарының өзі 60-тан астам болуы тиіс. Бұл мәселер шешімін тапса, маңызы зор мәдени орталықтың жұмысы заман талабына сай болар еді, дейді мамандар.
 
 
Ержан ЖАҚЫП
 

Хабарламаларға жазылу