Шығыс Қазақстанда ет өнімдерін өткізетін ірі кәсіпорын жоқ. Салдарынан шаруалар бейнетпен баққан малдарын базар жағалап сатуға мәжбүр. Одан қалса алыпсатарларға арзанға беріп, шығынға шаш етектен батып отырмыз-дейді. Еттің бағасы арзандағаны былай тұрсын, жүн мен тері іске жарамсыз болып тау-тау болып шіріп жатыр.
Бағдат Сағынаев еліміздегі қой өсіретін ең ірі өндірістік кооперативтің басшысы. Қыстамада 21 мың қой бағады. Соңғы жылдары мал өнімдерін құны түсіп, табыс табу қиындап кеткендігін айтады. Өйткені, өңірде ет алатын кәсіпорын жоқтың қасы.
Бағдат Сағынаев, өндірістік кооператив төрағасы:Шығыс Қазақстан облысында тек қана бір-ақ, Ұлан ауданының ет-консерві зауыты бар. Ол өзі аз мөлшерде мал етін қабылдайды. Аптасына 90 бас Семей қаласының базарына апарып өткіземіз. Ең жоғарғы баға 1600 теңге.
Жылына жұмысшыларға 100 миллион теңге жалақы беріп, мемлекетке 15 миллионнан астам салық төлеп отырған, шаруашылық бұлай жалғаса берсе, құлдырап тынамыз-дейді. Етті айтпағанда, қорада 70 тонна қой жүні құр шіріп жатыр. Ал мал терісін жылда өртеп жойып отырады. Бұл өңірдегі барлық шаруашылықтарға тән түйткіл.
Шенеуніктер жыл санап Тарбағатай ауданында мал, өріске сыймай бара жатыр-деп мақтанады. Қазір 353 мың қой, 250 мыңға жуық жылқы мен сиыр бар. Бірақ оның бәрін ұқсату жағы ақсап тұр.
Қайрат Мауадинов, Тарбағатай ауданы әкімінң орынбасары:Бір-екі жыл бұрын Өзбекстанға да мал шығарған жайымыз болған. Сол кезде малдың өту жағынан ешқандай мәселе болған жоқ болатын. Жаңағы ет өңдеу кәсіпорындарын іске қосу қолға алынып жатыр. Егер де олар іске қосылып жатса, Семей қаласында Аягөз қаласында мал тұрақты өтеді деген ойдамыз.
Әкім орынбасарының айтып отырған кәсіпорындар ол әзірге жоспар ғана. Шаруалар оның іске астындығына күмәнмен қарайды. Өйткені Аягөз қаласында 3-4 жыл бұрын құрылысы басталаған ірі ет комбинатының құрылысы орта жолдан шашылып аяқсыз қалған күйінде тұр.
Ержан Жақып