Азаматтардың жеке мәліметтері сапалы қорғалуы тиіс. Ал бұл деректердің жоғалуына, не ұрлануына жол бергендер қатаң жазаланады. Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру жүйесін енгізу жөніндегі комиссия отырысында осылай деді. Жалпы, Президенттің бұл саладағы нәтижелерге көңілі толмай отыр. Цифрландыруға жауапты вице-министрлердің де жұмысын сынға алды.
Цифрландыру қызметтерді офлайннан онлайнға ауыстырумен шектелмеуі тиіс. Президент мемлекеттік органдардың цифрлық трансформациясын бюрократиямен, сыбайлас жемқорлықпен және тиімсіздікпен күрес құралы ретінде қарастыру керек екенін айтты. Бизнессіз де жалпымемлекеттік «цифрлық серпіліс» жасау мүмкін емес. Өйткені ірі компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі де цифрландырылу деңгейімен анықталады. Мұндағы жағдай да мәз емес.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:«Siemens» компаниясының бағалауы бойынша, отандық өнеркәсіптік кәсіпорындардың 80 пайызында автоматтандыру деңгейі өте төмен, яғни Индустрия 2.0 деңгейінде. Естеріңізге сала кетейін, біз Индустрия 4.0 дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл – аса ауқымды мәселе. Оның талаптарына тұжырымдамалық жағынан да, практикалық тұрғыдан да нақты әрі лайықты жауап беру керек. Цифрлық шешімдерді қолдаудың тиімді құралдарын, ең алдымен, өңдеу секторында кеңейту керек.
Мемлекет басшысы еліміздегі интнернет пен байланыс сапасын сынға алды. Байланыс операторлары интернет параметрлерінің бірін жарнамалайды да, шын мәнінде мүлде басқасын ұсынады, - дейді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Маған берілген мәлімет бойынша, тіпті елорданың өзінде, сөз бен істің алшақтығы 40-50 пайызға дейін жетеді. Бұл, шын мәнінде, тұтынушыларды алдау деген сөз. Мұндай өрескелдікті доғару керек. Үкіметке әкімшілік құрамды заңдық негізде бекітуді және бұндай заң бұзушылықтар үшін санкциялар белгілеуді тапсырамын. Біз үнемі Қазақстанның аумағы жүз пайызға жуық интернетпен қамтылды деп айтып жүрміз. Кәнеки мәселенің басын ашып алайық, осы іс жүзінде расталған ақпарат па әлде жоқ па? Немесе ойымыздағыны шындық деп санаймыз ба?
Киберқауіпсіздігіміз де әлсіз. Былтыр ел бойынша 1,8 млн кибершабуыл анықталып бұғатталса, биылғы жарты жылдың өзінде 4,7 млн шабуыл тіркелген. Қауіп, әсіресе, азаматтардың банктағы есепшоттары, мүлкі мен әлеуметтік төлемдеріне келгенде еселене түседі. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев жеке мәліметтердің сапалы қорғалуына баса мін беріп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:Цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру мәселесі, оның қауіпсіздігіне деген жауапкершілікті қоса жүктейтінін түсіну керек. Яғни, жеке мәліметтер құқықтық тұрғыдан да, физикалық жағынан да сапалы қорғалуға тиіс. Бұл мемлекеттік жүйелерге ғана емес, мемлекетпен тығыз интеграцияланған жалпы цифрлық экожүйеге де қатысты. Үкімет азаматтардың жеке деректерінің жоғалуына және ұрлануына қатысты жауапкершілікті қатаңдату жөнінде заңнамалық өзгерістер топтамасын әзірлеуі керек.
Құрылыс пен жер қатынастарында әлі де түйткіл көп. Техникалық-экономикалық негіздемелерді, жобалық-сметалық құжаттарды және мемлекеттік сараптаманы әзірлеу кезінде қағаз құжаттардан цифрлық форматқа кезең-кезеңмен көшу қажет. Бұл жұмыстың орындалу мерзімін қысқартып қана қоймай, жемқорлықты азайтып, құрылыс құнын төмендетеді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес үшін жер учаскелерін таңдау және бөлу мәселесін толық цифрландыруды, жылжымайтын мүліктің Бірыңғай мемлекеттік кадастрын құру және осы ақпараттық жүйені келер жылдың бірінші жартыжылдығынан кешіктірмей іске қосуды жүктеді. ІТ-да айтарлықтай жетістікке жету үшін білікті мамандар қажет. Сондықтан президент үкіметке IT кадрларды жаппай даярлауға жекеменшік IT мектептерді тартуды тапсырды. Ал цифрландыру ісіне жауапты әрбір вице-министр үшін нақты KPI әзірлеуді және олардың қызметіне қатысты ұстанымды қайта қарауды, кадрлық құрамына баға беруді жүктеді.
Альбина Әшім