Қазақстан азаматтары зейнетақы қорындағы 2 трлн теңгеге жуық қаржыны өз кәделеріне жаратты. Былтыр Мемлекет басшысы өз жолдауында қордағы ақшаның бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік берілетінін айтқан. Жаңа жылда бұл бастама іске асып, жарты миллоннан астам отандасымыз жинақтағы ақшасының игілігін көрген.
Светлана Жаңабайқызы жаңа пәтерге көшуді көптен жоспарлап жүрген. Сәті түсіп қордағы қаржыны пайдалануға мүмкіндік те туды. 30 жылдық еңбек өтілі бар. Жиған ақшасы ипотеканың бір бөлігін жауып, қалтаға түсер салмақты азайтқан. Бейнетімнің зейнеті осы болар дейді ол.
Светлана Жаңабайқызы, қала тұрғыны:Тұрғын үй жинақ банкінде өзімнің есепшотым болған. Биыл отбасымызбен үйімізді кеңейтуге, жаңартуға шешім қабылдадық. Бір жағынан зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға болады деген мүмкіндікті пайдаланғымыз келді.
Дәл Светлана секілді 470 мыңнан аса отандасымыз зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үйге жұмсаған. Үй құрылысы мен жер сатып алуға да қаржы алғандар көп. Бұл еліміздегі құрылыс саласына да серпін берді.
Сапарбай Жобаев, экономист:Ақша саясатында мынадай нәрсе бар. 1,9 трлн теңгені экономикаға тастасаң, ол мультипликациялық эфектімен 4-5 трлн теңгедей әсер етеді.
Тұрғын үйден бөлек қазақстандықтар 49 миллиард теңгені емделуге жұмсаған. Басым көпшілігі бірден стоматология кабинетінің есігін қаққан. Офтольмологиялық, орфандық ауруларды емдеуге деп жұмсағандар аз емес. Тіпті пластикалық отаға деп зейнетақы жинағын пайдаланғандар бар.
Қордағы ақшаны тиімді пайдаланып, акция, облигация сатып алуға да болады. Алайда бұл мүмкіндікті 3 мыңға жетер-жетпес азамат қана пайдаланған. Олар 5,5 млрд теңгені инвестициялық компанияларға сеніп тапсырған.
Шерхан Жамбылұлы