Қазақстанның тауар сертификатын көбіне көп сырт мемлекеттер мойындамайды. Соның салдарынан органикалық өнім өндірушілердің дені тауарын экспортқа шығара алмай отыр. Ал, елде табиғи таза өнім шығарып, оның айналымын арттыруға әлеует жетерлік. Тек кедергі көп. Сенаттың жұмыс тобы органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы заңға түзету енгізді. Стандарттау, шаруаларды оқыту және инфрақұрылымды жақсарту сияқты 9 норма жаңарды.
Органикалық өнімді еселеп өндіруге негізінен екі кедергі бар. Алғашқысы сырт ел біздің стандартты мойындамайды. Сондықтан экологиялық тауар шығаруға құлықтылар аз. Республикада бар-жоғы 60 тан асады. Олар жылына 17 млн АҚШ долларына дейін эко өнім сатады. Бұл мардымсыз көрсеткіш,-дейді мамандар. Елдегі жер-су ресурсын ескерсек 3 млрд доллар пайда табуға болады. Бірақ, алдымен ЕуроОдақ санасатын ұлттық стандартты бекітіп алу керек.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:Органдар сертификат беріп отырған қазіргі олар шетелдің стандарты бойынша жұмыс істейді. Ал біз өзіміздің ұлттық стандартымызды жасауымыз керек. Соны дамытуымыз керек.
Ал, екінші кедергі – озық технологияның тілін білмеу. Заң жобасында аграршыларды оқытуға қатысты норма қарастырылған. Сондай-ақ сенаторлар өнімді емес, өндіріс барысын сертификаттауды ұсынды. Бұған қоса шағын шаруа қожалықтары шығынданбас үшін сертификаттаудан топ болып, бірлесіп өтуге мүмкіндік берілген.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:Қазіргі таңда органикалық өнім өндіру нарығында ұзақ мерзімді өсу тренді байқалады. Сондықтан бұл саланың даму мүмкіндігі өте жоғары деуге толық негіз бар.
Органикалық өнім өндіріп, айналымын арттыру – мемлекеттік бағдарламалардың бірегейі. Себебі, табиғи тауар – таза табыс көзі. Экологиялық өнім кемі 15 пайызға қымбат сатылады.
Нысаналы Ығыл, тілші:Алайда, ақшаға құныққандар айлаға басады. Енді, био, ЭКО және органик атаулы тауарлар текскеріледі. Егер атына заты сай болмаса 200 мыңнан 590 мыңға дейін айыппұл салынады. Әлбетте сертификатты берген мекеменің беделіне нұқсан келеді.
Нысаналы Ығыл