Алаш жұрты Фариза Оңғарсыновамен қоштасты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алаш жұрты Фариза Оңғарсыновамен қоштасты

27.01.2014
Алаш жұрты Фариза Оңғарсыновамен қоштасты
Алаш жұрты ақиық ақын Фариза Оңғарсынованы ақтық сапарға шығарып салды. Ұлттық руханиятқа өлшеусіз үлес қосып, соңына өлмес мұра қалдырған қоғам қайраткерімен қоштасуға жиналған жұртта қисап жоқ.
 
Фариза Оңғарсынованың туған-туыстарынан бөлек, бақұлдасуға ақынның көзін көрген ұлт зиялылары, етжақын достары, шайырдың шығармашылығын сүйетін оқырмандары жиналды.
 
Жүрегі нәзік болса да, жалынды жырларымен қоғамды тәрбиелеген ерке ақын туралы естеліктер айтылды.  Ардақты апамыздың иманы саламат, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!  
 
Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:
Өмірде өн бойында өр рухтың жарқылы бар, таза сезімнің ақтарылған ағыны бар ерекше тұлғалар болады. Фариза Оңғарсынова – солардың бірі емес, бірегейі еді. Ғибратты ғұмырында поэзияның падишасы атанып, қақжарма әділ сөзімен де, ақмаңдай жүзімен де, жырларымен де қазақ поэзиясының нұры, халқының батыр мінезді қызы екенін дәлелдеп кетті.
 
Тамара Асар, әнші:
Менің де қолдаушым еді. Қатты қиналғанда ешкімге айтпайтын сырларымды арасында телефон шалып болса да, апайға айтатын едім. Ол кісінің жаны өте жұмсақ, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.  Мен үшін, халық үшін ол кісінің орны бөлек.
 
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу