Шымкентте 200-ден астам отбасы «Шаңырақ» бағдарламасы аясында пәтерлі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте 200-ден астам отбасы «Шаңырақ» бағдарламасы аясында пәтерлі болды

25.10.2021

Шымкентте «Шаңырақ» бағдарламасының шарапатымен 200-ден астам отбасы пәтерлі болды. Жаңа қонысқа жайғасқандар ұзақ жылдан бері баспана кезегін күткен көпбалалы жанұялар. Мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері. Табысы орташа топтағы азаматтарға арналған бағдарламаның тиімді тұсы - тұрғын үй бағасы арзан әрі несиені қайтару шарттары анағұрлым жеңіл.

Жеті жыл бойына баспана кезегін күткен Назираның бүгін арманы орындалды. «Отбасы банкіне» жинаған қаржысына 3 бөлмелі пәтер алды. Екі перзентін жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ол Шымкенттегі мектептердің бірінде логопед мұғалім болып жұмыс істейді. Сәулетті әрі кең баспана енді бұл отбасының қонақжай әрі ырысты мекені болмақ.

Нәзира Баймұхамедова, Шымкент қаласының тұрғыны:
Мынадай пәтерге қол жеткізгеніме өте қуаныштымын. Жарық, үлкен квадраты. Осы пәтерде той істеймін деген ниетім бар. 

Бұл күні Назирамен бірге тағы 224 отбасы тап осындай қуанышқа кенелді. «Тұран» шағын ауданынан бой түзеген көпқабатты үйлерде тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Сәулетті әрі жайлы.

Нұрлан Сұлтанов, «Отбасы банк» АҚ Шымкент филиалы директорының орынбасары:
Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі пайыз мөлшерлеремесінің төмендігінде. 5 пайызбен, алғашқы жарнасы 10 пайыз. 20 жылға дейін. Және ең бастысы үйдің бағасы 1 шаршы метрі 200 мың теңгеге дейін деп белгіленген. Салыстармалы түрде нарықтан төмен. Және үйлер таза әрлеуден өткен.

«Отбасы банк» «Шаңырақ» бағдарламасының аясында биыл жыл соңына дейін 1 мың 800-дей отбасыға қуаныш сыйлап, жаңа қонысқа жайғастырмақ. Салымшылар үшін жергілікті әкімдіктермен тұрғызылып жатқан 27 көпқабатты үйдің бүгінде құрылысы аяқталуға жақын.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу