Комплаенс офицерлер жемқорлықтың алдын алуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Комплаенс офицерлер жемқорлықтың алдын алуда

22.10.2021

«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын іске асыруға «Комплаенс» атты жаңа қызметтің де қосар үлесі мол болмақ. Бақылау қызметінің бұл түрі бүгінде ірі бизнес пен квазимемлекеттік нысандарда жолға қойылған. Айталық, айналасы екі ай ішінде Екібастұз стансасында комплаенс офицері миллондаған мемлекет қаржысын алаяқ фирмалардың үптеп кетуіне жол бермеді. Сондай-ақ бұрын сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар адамдардың стратегиялық маңызды кәсіпорынға жұмысқа қабылданбауына да себепкер болды.

Станцияда Комплаенс қызметі бар екендігін еңбеккерлер жұмыс орындарына жетпей-ақ біледі. «Жедел желі» жұмысы жайлы ақпарат кіре берістен бастап барлық цехтарға ілінген. Комплаенс офицері Жақсылық Жөгібаевтың осы кәсіпорынға келгеніне екі-ақ ай болды.

Жақсылық Жөгібаев, комплаенс офицері:
Тамыз айынан бастап қызметке кірістім. Мемлекеттік сатып алу бойынша 5 конкурсты тоқтаттық. Соның нәтижесінде 6 млн теңге үнемделді. Басқаша жағдайда мердігерлер мемлекет қаржысын желге шашар еді. Негізі осындағы кадрлық бөліммен жұмыс істейміз. Нәтиже бар. Стансаға жұмысқа тұрмақ болған 8 адамның сыбайлас жемқорлыққа қатысы барлығы анықталып, кандидатурасы кері қайтарылды.

Комплаенс офицердің басты міндеті жұмысшылардың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра білетін иммунитетті қалыптастыру. Бұл ретте тұрақты түрде арнайы оқу курстары өткізіліп тұрады.

 Еділ Көпенов, Екібастұз МАЭС-1 станциясының бас директоры:
Бүкіл Қазақстанның 20 пайыз электроэнергиясы біздің компанияда шығатын болғаннан кейін біз көп компаниялармен жұмыс істейміз. Солардың бәрін комплаенс офицер қазір қадағалап, қарап жатыр. Ол мемлекет тарапынан біздің бүкіл мына квазимемлекеттік компанияларға жасалған үлкен көмек-деп түсінемін.

Екібастұздағы кәсіпорын өткен жылы 19 млрд КВт қуат өндірген. Биылғы меже 22 млрд. КВт. Өйткені, экспорт былай тұрсын, ішкі нарықта электр энергиясына сұраныс артты. Демек еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығы күшейді.

Ардақ Балғожин, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының 1-ші орынбасары:
Комплаенс офицерлерді ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп оқу дайындығынан өткіздік. 80-ге тарта маман қазір осы өңірдегі 102 квазимемлекеттік және ірі бизнес нысандарында жұмыс істеп жатыр.

Комплаенс функциясын қаржы, медицина, білім беру салаларына да енгізуге болады. Бұл тұтас ел қауіпісіздігіне жауап бере алатын қызмет-дейді мамандар.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу